Трамп Зеленскиймен кездесуден кейін, Путиннің бейбітшілікке ұмтылысына күмән келтірді

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Трамп Зеленскиймен кездесуден кейін Путиннің бейбітшілікке ұмтылысына күмән келтірді
Трамп Зеленскиймен кездесуден кейін Путиннің бейбітшілікке ұмтылысына күмән келтірді/Фото: Andriy Yermak/Telegram

АҚШ президенті Дональд Трамп Ватиканда Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездескеннен кейін, Ресей президенті Владимир Путиннің Украинадағы соғысты тоқтатуға деген ниетіне күмән келтірді.

Римнен кеткеннен кейін әлеуметтік желілерде пікір білдірген Трамп Мәскеудің осы апта басында Киевке жасаған шабуылдарынан соң, Путин өзін алдап отырғанынан қауіптенетінін айтты. Ол «Путиннің азаматтық аудандарға зымыран атуына ешқандай себеп жоқ» екенін де атап өтті.

«Бұл жағдай маған оның (Путиннің) соғысты тоқтатқысы келмейтінін, тек мені адастырып отырғанын меңзейді. Сондықтан бұл мәселені басқа жолмен – «банктік» немесе «жанама санкциялармен» шешу керек шығар», – деп жазды Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында.

Ақ үй өкілдері Зеленскиймен өткен 15 минуттық кездесуді «өте жемісті» деп атады. Ал Украина президенті бұл кездесу «тарихи мәнге ие болуы мүмкін» екенін айтты.

Бұған дейін Трамп Ресей мен Украина «келісімге өте жақын» екенін айтқан. Бұл пікір оның өкілі Стив Виткофф пен Ресей президенті арасындағы жұма күнгі үш сағаттық келіссөздерден кейін хабарланды.

Сондай-ақ оқыңыз