Қайрат Боранбаев: спорт, бизнес – империя және қаржы даулары

Қайрат Боранбаев – Қазақстандағы табысты және ықпалды кәсіпкерлердің бірі. Өмірі, мансап пен бизнестегі жетістігі Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдармен тығыз байланысты. Жалпы Қайрат Боранбаев туралы ақпарат тым аз. Тіпті өмірбаяны туралы толық ақпарат табу қиын. Әйтсе де Kursiv.Media мұқият іздеп, жіліктеп жинап шықты. Көз салсаңыз бизнесменнің өмірі шытырман екенін байқайсыз. Хикаяларда айтылатын өрлеу, бизнестегі бас айналдыратын жетістік, әйгілі отбасыға жақын болу, кейін құда болып, туысына айналу, билік ауысқаннан кейінгі құлдырау, активтерінен айырылу… Құдды бір сериал көріп отырғандай боласың.
Интернеттегі іздеу жүйелеріне көз салсақ, сұраныстардан құралған пазл Боранбаев туралы кәсіпкер, әйгілі отбасының туысы, Жаңа Қазақстан тұсында сотталған бизнесмен, «Қайрат» футбол клубы мен Параолимпиада спортына қатысты адам екені шығады. Яғни есімі бизнестегі түрлі холдингтердің иелігі мен инвесторлықтан бастап, спорт қайраткерлігінен меценаттыққа дейін көптеген саламен байланысты.
Өмірі жолы мен білімі
1966 жылдың 22 қыркүйегінде Торғай облысының Амангелді ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Қазақ дене шынықтыру институтын аяқтап, дене тәрбиесі мұғалімі мамандығын алған. Спорттық білім алғанымен, Қайрат Боранбаев өзінің келешегін бизнеспен байланыстыру туралы шешім қабылдайды.
2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды тәмамдап, заңгер мамандығын алады. Ал 2018 жылы әлемнің ең беделді бизнес мектептерінің бірі INSEAD бағдарламасы бойынша MBA дәрежесін алады.
Боранбаев – бизнесмен
Боранбаевтың кәсіпкерлік жолы 90-жылдардың басында басталды. Ол 1993-1996 жылдары «Дека» компаниясының бас директоры болып, кейіннен «Алаш» акционерлік қоғамында вице-президент қызметін атқарды. 1997-1999 жылдары «Алтын-Алма» компаниясында бас директор болып жұмыс істейді.
1999-2000 жылдары «Система» компаниясында вице-президент, кейін «КазТрансГаз» және «Intergas Central Asia» компанияларында басқарушы қызметтерде жұмыс істеді. 2006-2013 жылдары «КазРосГаз» бірлескен кәсіпорнының бас директоры болады.
Бизнес империясын кеңейтіп, жылжымайтын мүлік, қоғамдық тамақтану және басқа да салаларда жобаларды іске асыра бастады.
Қоғамдық тамақтану және McDonald’s жобасы
Қайрат Боранбаевқа басқа салаларға қарағанда, қоғамдық тамақтану саласында жетістіктерін мақтаныш тұтуына болады. 2016 жылы Алматы қаласында алғашқы McDonald’s мейрамханасы ашылды. Әдетте McDonald’s бар елдер дамудың даңғыл жолына түскен, имиджі бөлек елдер санатына қосылғандай көрінеді. Өйткені McDonald’s елде бұрын-соңды болмаған бизнес мәдениетін қалыптастырып, халықтың тұтынушылық көзқарасын өзгертуге әсер етеді деп саналады.
Әйгілі брендтің бизнеске деген көзқарасы, заманауи маркетинг пен менеджмент әдістерін қолдану тәсілдері бөлек. Боранбаевтың әйгілі брендтің франшизасын алып келуі қоғамдық тамақтану саласына тың жаңалық қосқандай болды. Алайда McDonald’s 6-ақ жыл жұмыс істеді. 2022 жылы Ресей мен Украина арасында геосаяси қақтығыстан соң, қазақстандағы франшизаның да жұмысы шектеле бастады. Ал 2022 жылдың 17 қарашасында Қазақстанда McDonald’s желісінің жұмысы тоқтағаны белгілі болды.
Компанияның Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды қалаларында 24 мейрамханасы болды және екі мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етті. 2023 жылдың 5 қаңтарында әлемдік фаст-фуд желісінің жұмысы логистикалық шектеулерге байланысты тоқтағаны хабарланды. Көпшілік мұның себебін біраз уақытқа дейін білмей, Боранбаевтың қамауға алынуымен байланыстырды. Кейінірек McDonald’s стандартына сай еттің тек Ресейде ғана өндірілетіні, ал өнімнің Украинадағы қақтығысқа байланысты сыртқа тасымалданбайтыны, нәтижесінде Қазақстандағы франшизасы жабылуына себеп болғаны белгілі болды. Қазақстандықтардың біздің ет неге McDonald’s стандартына сай емес, деген сұрағына әлі жауап жоқ.
McDonald’s франшизасы қайтарылғанан кейін, 2023 жылдың 23 қаңтарынан бастап мейрамханалар желісі атаусыз жұмыс істеді. Кейін маңдайшаларында енді «БізАшЫқпыз» және «WeAreOpen» деген жазулар пайда болып, 2023 жылдың 23 қарашасында желі тағы бір ребрендингтен өтті. Бұл жолы фаст-фут желісі I’m деген атпен нарыққа таныстырылып, жұмыс істей бастады. Алайда I’m McDonald’s-қа айнала алмаған сыңайлы…
Жылжымайтын мүлік
Қайрат Боранбаевтың бизнес саласындағы табысты жобаларының бірі – жылжымайтын мүлікке жасалған инвестициялармен байланысты. Ол Esentai Tower және Esentai Mall, «Алматы Тауэрс», Рахат Палас қаланың қақ ортасындағы «Алмалы» жерасты сауда орталығы сияқты ірі жобаларға қатысып, Алматының жаңа бизнес орталықтарының дамуына ықпал етті. Алайда бұл жобалардың бірқатарын мемлекет меншігіне өткізіп бергені белгілі болды.
Боранбаевтың көзқарасы бойынша, қалалық кеңістіктерді жаңғырту мен дамыту тек экономикалық пайда ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жүргізілуі тиіс. Ол коммерциялық жылжымайтын мүлікке ғана емес, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктерге инвестиция салды.
Минералды су өндірісі, фармацевтика саласы
2017 жылы Қайрат Боранбаев «Алекс-Сарыағаш» минералды суын шығаратын «Алекс» ЖШС-ны сатып алған. Компания көп ұзамай Қазақстандағы ең ірі минералды су өндірушілерінің біріне айналды. Қазіргі таңда бұл компания Қазақстандағы ең ірі минералды су өндірушілерінің қатарында. «Алмалы» холдингінің сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Alex Saryagash әлі де Боранбаевтың иелігінде.
Боранбаев фармацевтика саласында да белсенді кәсіпкер болды. Ол «НеоТекФарм» ЖШС арқылы Қарағанды фармацевтикалық кешенінде жоғары технологиялық биологиялық дәрілер, қан аурулары, қатерлі ісік, лейкемияға қарсы дәрілерді өндірісін жолға қойды. Covid кезінде Боранбаевтың осы компаниясы ресейлік Спутник V вакцинасын «шығарғаны» белгілі болды. Боранбаев бұл туралы БАҚ-қа сұхбат беріп, вакциянаны шығарумен емес, тек қазақстандық жағдайға бейімдеумен айналысқаны туралы айтқан. Covid аяқталғаннан кейін Қарағанды фармацевтикалық кешені Антикордың ұсынысы бойынша 2021 жылы коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші компонентінің 22 мың дозасы үшін негізсіз аударылған 105 миллион теңге көлеміндегі авансты мемлекетке қайтарды.
«Қайрат» футбол клубы: брендке айналған команда
Қайрат Боранбаевтың аты спорт саласында да жиі аталады. Меценат 2012 жылы «Қайрат» футбол клубының бақылау кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Спорт сарапшыларың айтуынша, кәсіпкер сол кезеңнен бастап клубты жаңа деңгейге көтерді. Ол «сары-қаралардың» спорттық инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, клубтың мәдениетін жаңартуға және халықаралық аренада танымал етуге күш салды. Клубтың жетістіктері тек оның ішкі дамуы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық спорттық имиджінің жақсаруына да ықпал етті. «Қайрат» футбол клубы шулы сот ісінен кейін бостандыққа шыққан Боранбаевтың иелігінде қалды.
Паралимпиада комитеті
Қайрат Боранбаев 2015 жылы Қазақстанның Паралимпиада комитетінің президенті болып сайланды. Мамандар Боранбаев басқарғалы қазақстандық паралимпиадашылар жетістікке жете бастағанын айтады. Алайда биыл Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов кәсіпкер Қайрат Боранбаевты Паралимпиада комитетінің басшылығынан шеттетуді талап етті. Оның пікірінше, сотталған адамның президент жанында қоғамдық шараларға қатысуы дұрыс емес.
«Бюджет қаражатын ұрлап, жауапқа тартылған адамның паралимпиада спортына жетекшілік етуі қаншалықты орынды? Ел намысын қорғайтын ұйым қаржы жымқырған адамға сенім арта ала ма?» – деп мәлімдеді Әбенов Мәжіліс отырысында.
Сот ісі және оның салдары
2022 жылдың наурыз айында Қайрат Боранбаев «QazaqGaz» компаниясымен байланысты қаржы жымқыру ісі бойынша сотқа тартылды. 2023 жылы ол кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл іс қоғамда «Жаңа Қазақстандағы» саяси және экономикалық өзгерістердің бір бөлігі ретінде қабылданды. Алайда сол жылдың қарашасында кәсіпкердің бостандыққа шыққаны белгілі болды. Жазаның өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу түріне ауыстырылған. Ал «АзияГаз Шонжы» ЖШС, Comfort Hotel Astana, FitNation фитнес-клубтар желісі, «ҚазТурбоРемонт» зауыты, «Алмалы» сауда-ойын-сауық кешені сынды бірқатар активтері мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды.
Оған дейін Қайрат Боранбаев пен бауыры Мұрат Боранбаевқа тиеселі «RR2» ЖШС A-Parking компаниясының 30% үлесін мемлекеттен сатып алған еді. 2022 жылы 14 сәуірде «AlanParking» ЖШС бас директоры (ақылы тұрақ операторы) Мұхтар Базарбаев, 18 сәуірде Алматы арнайы технологиялық тұрағының директоры Марат Пірінбеков қамауға алынды. Оларға 225 630 072 теңге, Базарбаев басқа да тұлғалармен бірге 190 078 778 теңгені жымқырды, екеуі 436 040 706 теңге заңсыз дивиденд алды деген айып тағылды. Пірінбеков 5 жылға, Базарбаев 6 жыл 6 айға сотталды. Ал Мұрат Боранбаев әлі халықаралық іздеуде. A-Parking мемлекет меншігіне қайтарылды.
Осылайша Қайрат Боранбаевтың кәсіпкерлік жолы – тек табыс пен құлдырау ғана емес, ол Қазақстанның экономикалық және саяси кезеңдерінің айнасы деуге де болады.
Еске сала кетсек, осыған дейін Қайрат Боранбаевтың өз беделін қалай қалпына келтіріп жатқанын коммуникация саласының мамандарымен бірге талдаған едік.