
Баламен саяхаттың ғажабы көп. Бірақ кейде ескермеген тұстардың кесірінен «келесіде баламен жолға шықпаспын» деген әсермен оралуыңыз мүмкін. Сапардан қандай көңіл-күймен қайтатаныңыз дайындығыңыздың қалай жасалғанына тікелей байланысты. Сол себепті балалар жолды жақсы еңсерсін десеңіз, онда арнайы тревел-жинақ әзірлеп қойыңыз. Бүгінгі материалымызда ұшақ, пойыз, автокөлікпен шыққанда балаларға жолға не алуға болатынына шолу жасаймыз.
Ұшаққа арналған тревел-жинақ: әуеде керек болатын заттар
Ұшақпен жолға шығу оңай емес. Ол да әжептәуір стресс десек болады. Балаға да, ата-анаға да дайындық артық болмас. Әсіресе, мұндайда комфорт, тамақ, ойын-сауық мәселелерін реттеп алу маңызды.
Қолжүкке не салған жөн:
- Балаларға құлаққап. Аспанға көтерілгенде қозғалтқыш даусы қатты шығады. Соның шуын құлаққап бәсеңдетеді. Оған қоса, планшеттен музыка не ертегі қосып берсеңіз болады. Кей ұшақтарда әр жолаушыға құлаққап таратылады. Бірақ лоукостермен ұшатын болсаңыз, бәрін өзіңізбен ала жүруіңіз керек.
- Жамылғы немесе телпегі бар худи. Ұшақта көбіне кондиционер қосылып тұрады. Азия елдері сияқты ыстық жаққа бара жатсаңыз, онда ұшақтағы тастай суыққа дайын бола беріңіз. Оған қоса арзан әуе компаниясының ұшағына билет алсаңыз, онда худи не жамылғы аса қажет. Өйткені тоңғанда жамылғы сұрасаңыз, сатып алуға тура келеді. Дұрысы, уақытша жалға аласыз. Ал бағасы арзан болмауы мүмкін.
- Мойынға жастық. Ұйықтаған кезде мойны ауырып қалмас үшін мойынға жастық ала шығыңыз.
- Жеуге анау-мынау ала шығу керек. Балаңыздың аллергиясы жоқ тамақтарды салып алыңыз. Жемістер, пішнәй немесе жаңғақ дегендей.
- Су ішетін бөтелке. Ішіне су не компот құйып алуға болады. Балаңыз кішкентай болса, шайқағанда төгілмейтін түрі жақсы.
- Құрғақ және дымқыл сүрткіш. Бұл міндетті түрде керек болатын зат. Тамақ жесе бет-аузын сүртесіз, жөргегін ауыстырсаңыз да қажет.
- Антисептик. Шағын және бала терісіне зияны жоқ түрін алып жүріңіз.
- Антистресс ойыншықтар. Қазір слайм, поп-ит, құрастырғыш сынды неше түрлі ойыншық бар. Балаңызға не ұнайды — ала шығыңыз. Бастысы, ұшақта бірінші рет көрсін. Сонда ұзаққа дейін іші пыспай ойнайды.
- Стикерлері бар кітапша не боямақ. Бұл да баланың көңілін аулауға жақсы тәсіл болады. Сумен бояуға арналған түрін алсаңыз, фломастер де керек болмайды. Ал стикерлерді бала әр жерге жабыстырып ойнайды.
Еметін балаларға тағы не алуға болады:
- Емізік не бөтелке — сонда ұшақ көтерілгенде және қонып жатқанда құлағына түсетін қысым азаяды.
- Ауыстыратын киім ала шығыңыз. Анасына да бір киім артық болмайды. Өйткені бала бүлдіріп қоюы мүмкін.
- Жөргек, жаялық, крем, сүлгі.
Пойызға арналған тревел-жинақта не болуы керек?
Пойызбен шықсаңыз, жолдың ұзақ болатынына дайын болыңыз. Әрі мұнда кеңістік көп болғасын бала қозғалып, орнынан тұрып жүре алады. Сол үшін тазалық, ұйқы мәселесін реттеп алу қажет.
Сонымен не аламыз:
- Сүйікті тамағы салынған портатив ланч–бокс. Пойызбен шыққанда станцияға тоқтап тамақ ала салам деп ойлағаныңызбен, балаға керегі табыла бермеуі мүмкін. Сондықтан қамын жасап алғаныңыз абзалырақ.
- Жиналмалы үстел. Тамақ жеуге, сурет салуға, ойнауға ыңғайлы болады.
- Пижама мен шұлық. Бала сонда өзін жайлы сезініп, үйде жүргендей жақсы ұйықтайды.
- Жұмсақ ойыншық не жамылғы. Бала өзіне үйреншікті заттарды қатты жақсы көреді. Сүйікті жұмсақ ойыншығы не жамылғысы болса, өзін қауіпсіз сезінеді.
- Үстел ойындары. Егер балаңыз ересектеу болса, онда магнит шашкілер, мемо, UNO немесе басқатырғылар ала шықсаңыз болады.
- Аудиоертегілер не сүйікті әндерінен плейлист жүктеп алыңыз. Кей жерде интернет болмауы мүмкін. Сондықтан офлайнда да тыңдай беруге болатындай алдын-ала жүктеп алғаныңыз дұрыс.
- Гигиеналық жинақ. Оның ішіне дымқыл сүрткіш, тіс щеткасы, тарақ, тіс пастасы, сабын, сүлгі салып алыңыз. Қазақстанда кей пойыздарда бір ретік жиынтықтар беріледі. Бірақ сіздің мінетін пойызыңызда беріле ме, нақтылап алсаңыз болады.
- Жылы сүт не шай құйылған термос. Температураны ұстап тұратындықтан, термос өте жақсы.
Автокөлікке арналған тревел-жиынтықта не болуы керек?
Жолға машинамен шыққанның да қызығы мол. Бірақ алдыңғы екеуіне қарағанда баламен шығу қиындау. Ата-ана ретінде сіздер өте икемді, жағдайға тез бейімделгіш болуыңыз керек. Әсіресе, қауіпсіздік жағын реттеу маңызды.
Міндетті түрде керек болатын заттар:
- Автокресло — жасы мен салмағына сай екеніне көз жеткізіңіз. Дұрыстап бекітіп алыңыз, қозғалып тұрмауы керек.
- Терезеге күннен көлегейлейтін перде. Әсіресе, жазда жолға шыққанда баланың көзіне күн түссе мазасы кетеді. Пердені түріп қойсаңыз, өзіңіз де тыныш боласыз, бала да мазасызданбайды.
- Автокөлікке арналған ланч-бокс. Ішінде жейтін тамағы мен ішетін сусыны болсын.
- Отырғыштың арқалығына органайзер. Сүрткіш, планшет, кітаптарды салып қоюға жақсы.
- Қоқыс салатын пакет. Машинаның іші тез шашылып қалуы мүмкін. Өйткені балалар тамақ жеп, үгітіп тастайды. Сол үшін бір пакетті арнап қойыңыз.
Уақыт өткізу үшін нендей қызық ұсынуға болады?
- Интерактив ойыншықтар — жарығы жанатын, батырмалары бар, дыбысы бар ойыншықтар дұрыс.
- Әуенді ертегілер немесе балаларға арналған подкастар — бәріңіз бірге отырып тыңдауға болады.
- Жамылғы мен жастық — әсіресе, ұзақ жолға шыққанда маңызды.
- Магнит тақтайша — қағаз, қарындаш не фломастер керек болмайды. Сурет салып отыра береді.
- Ауыстыратын киім— баланың жүрегі айнып құсып қойса не үстіне бірдеңе төгіп алса, дереу ауыстыра салуға ыңғайлы киім ала жүріңіз.
Пайдалы кеңес:
Тревел-жинақ дайындаған соң, оны өз алдына бөлек бір рюкзакқа не сөмкеге салған абзал. Ол сосын қолсозым жерде тұрсын. Іздеп, әбігерге түсіп жүрмейтіндей болуы керек. Ең дұрысы — балаға арнайы бір рюкзак алып қойыңыз. Сонда ол өзі де заттарын жинап, соған салуды үйрене береді. Келесіде өзі-ақ көмектесетін болады. Жалпы алғанда баланы сапарға алдын-ала дайындағанда бәрін бірге істеген жақсы. Бала да көп нәрседен хабардар болады, сіз де өзіңізді жайлы сезінесіз.
Еске сала кетсек, бұған дейін баламен саяхатқа шыққанда керек болатын лайфхактар туралы жазған едік.