Алдағы 5 жылда ЖИ қандай мамандарды ығыстырып тастауы мүмкін

Жарияланды
Жасанды интеллектінің болашағына қатысты қандай болжамдар бар?
Жасанды интеллект қандай мамандарды ығыстырып тастауы мүмкін? / Фото: shutterstock

Жасанды интеллект бір өзі бірнеше маманның орнын баса алатынын қазірдің өзінде көрсетіп жатыр. Ол тастай қылып код жазады, салған суреті анау-мынау суретшіден кем шықпайды, мәтінді де жатық жазуды үйреніп алған. Әрине, оның бұл мүмкіндіктері бізге қосымша құрал ғана болуы керек, яғни күнде қайталанатын ұсақ тірлікті автоматтандырып, шаруаны оңтайландыруға көмектескені жақсы. Десе де, кей мамандық иелеріне жасанды интеллект шынында қауіп тудырып отырғаны өтірік емес. Олай болса, бүгінгі материалымызда 2030 жылға дейін яки алдағы 5 жылда қандай мамандықтар жойылып не түбегейлі өзгеріп кетуі мүмкін екеніне шолу жасайық.

Неге дәл қазір дабыл соға бастауымыз керек? 2025 жылғы қарқын қандай?

Негізі жасанды интеллектінің адам орнын басуы мүмкін деген қауіп бұрыннан айтылып келе жатыр. Кейбірі бұған дейін аса сенбеген еді. Өйткені сөз жүзінде айтылып жүргені бір басқа да, көзбен көру бір басқа. Кейінгі 1-2 жылда ЖИ айтарлықтай өміріміздің барлық дерлік саласына ене бастады. Міне, сол кезден бастап көпшілік әлгі айтылған болжамға сене бастаған болса керек.

2023 жылы жасанды интеллект көпшілікке жаңалық болып енді. GPT-4, Gemini, Claude сынды модельдер, мультимодальды жүйелер адамдарға көмектесіп қана қоймай, өздігімен шаруа бітіретін болды. Яғни олар кодты генерациялап, медициналық диагностика жасай алатын жағдайға жетті.

Бұл дегеніміз — мамандарға соғылған үлкен дабыл. Әлемдегі алпауыт компаниялар кадрлық стратегияларын заман ағымына қарай қайта қарап жатыр. Бүған дейін жазғанымыздай, IT-мамандардың да денін қысқартып, оңтайландыру жүріп жатқанын атап өту қажет. Түгел бөлімдер жабылып, фронт-кеңселер автоматтандырылып, кей салаларда өнім жасайтын бөлімдер адам танымастай өзгеріп жатыр. Олай болса, осы даму қарқынына қарай отырып, сарапшылар 2025-2030 жылдар өте маңызды кезең болады деп отыр.  

Қай мамандықтар жойылудың аз-ақ алдында тұр?

  • Call-орталықтардағы операторлар
    Жасанды интеллект қоңырауға жауап беріп, ар жағындағы адамның эмоциясын дөп тауып, соған қарай қалай сөйлеу керегін жақсы үйреніп алған. Керек жауапты қалай айту керегін көп адамнан мықты меңгерген деп айта аламыз. Мысалы, операторлар жеке басының мәселесіне байланысты кейде көңіл-күйі болмай дұрыс қызмет көрсетпеуі мүмкін. Ал енді жасанды интеллектіде ондай болмайды. Ол үнемі сыпайы, нақты әрі дөп сөйлейді.
    Сөзімізге дәлел: JPMorgan клиенттерді қолдау бөлімінің жұмысына жасанды интеллект көмекші қосқан екен. Соның арқасында шығындары 40%-ға қысқарыпты. Ірі компаниялар тарапынан мұндай қадамдар енді көбейе береді.
  • Жас заңгерлер мен заңгерлердің көмекшілері
    Тәжірибелі заңгерлердің деңгейіне жете қоймаса да, енді бастаған заңгерлер мен ассистенттердің жұмысын Harvey немесе CaseText сияқты AI Copilot-тар жап-жақсы орындайды. Олар құжаттағы деректерге дереу талдау жасай алады. Санаулы секундтың ішінде прецедент тауып, арыз-шағым дайындап береді. Адам оған ұзағырақ уақыт шығындайтынын ескерсек, ЖИ-көмекші көпке ұнауға тиіс.
    Сөзімізге дәлел: Deloitte компаниясында жасанды интеллект келісімшарттарға құқықтық тексеріс жасалатын кезеңінде 3600-дей жұмыс сағатын үнемдеген. Бұл барлық тарапқа да ыңғайлы, солай емес пе?
  • Енді бастап жатқан копирайтерлер, контент-менеджерлер
    Jasper, Notion AI, GPT-4o сияқты платформалар демде мәтін генерациялап, сол жазған мәтінін бренд-гайд пен SEO бойынша лайықтап дайындап береді. Адамдар сияқты шабыт іздеп отырмайтындықтан, оған генерация жасауға бірер секунд қана жеткілікті. Сондықтан осы салаға келген жас мамандарға жасанды интеллект әжептәуір бәсекелес болады. Креатив, сыни ойлау қабілеті мықты мамандарға қауіп аз десек те, ортаңқол талай маманның орнын оп-оңай баса алады.
    Сөзімізге дәлел: McKinsey деректеріне сүйенсек, 2025 жылы маркетиң саласында контентке жұмыстың 25 пайызы толықтай автоматтандырылады екен.
  • Тәжірибесі аз есепшілер мен аудиторлар
    ERP мен финсофтілерге интеграция жасалған жасанды интеллект жүйелері транзакцияларға талдау жасап қана қоймай, қай тұсында қате барын демде тауып алады. Есеп дайындау үшін де оған адамның керегі жоқ. Бәрін өзі тастай қылып істеп береді.
    Сөзімізге дәлел: KPMG мен PwC бастапқы кезеңде аналитика жасауға кететін уақыттың тең жартысын үнемдеуге көмектесетін AI-көмекшілерді енгізген. Демек, алда біраз компания осылай істейді деген сөз.
  • Техникалық және жалпылама мәтіндерді аударатын мамандар
    Нейрон желілері қазір аударма саласында да мықты. Әсіресе, халықаралық тілдер арасында аударма жасаудан алдына жан салмайды. Мысалы, ағылшынша мәтінді орысшаға керемет аударып береді дегендей. Әрине, қолданыс аясы тар тілдерге әлі де бар. Дегенмен оның өзі уақыттың еншісінде. Неғұрлым көп мәтін оқып үйренсе, нейрон желісі соғұрлым сауатты бола түседі. Қазақшаға әзірге шорқақ десек те, қарқыны мен сапасы жаман емес.
    Сөзімізге дәлел: DeepL, Google Translate пен GPT ірі танымал баспалар мен локалдаумен айналысатын агенттіктердің жұмыс процесіне қатысады.

Жойыла қоймайтын, бірақ біршама өзгеретін мамандықтар

  • UX-дизайнерлер мен копирайтерлер
    Жасанды интеллект жап-жақсы ұсыныс тастайтын көмекші болады. Бірақ түпкі нәтижені қарап, керек жерін өзгертіп отыратын бәрібір адам болып қала бермек. Мұндағы басты айырмашылық сол — зерттеу, эмпатия және стандарттан тыс, креатив шешімдерге баса назар аударылатыны. Осылайша адам мен жасанды интеллект бірлесіп керемет команда боп жұмыс істей алады.
  • Ұстаздар
    Khanmigo, Scribe, Duolingo Max сынды бейімдеп оқытатын платформалар күнделікті қайталанатын күйбең шаруалардан қолды босататыны рас. Дегенмен шәкірттерге көз алдында тірідей сөйлесетін, эмоция беретін, мотивация сыйлайтын адам қажет болады. Сондықтан бұл жерде де ЖИ мен мұғалім деген комбо үйлесімі артық болмас.
  • 3.3. Маркетологтар мен стратегтер
    Есеп және медиа жоспарды қазірде-ақ автоматтандырып алғандар көп. Бірақ бренд қалыптастыру, коммуникациялық стратгеия құру, аудиториямен жұмыста бәрібір адамның интуициясы қажет болады.
  • 3.4. HR-менеджерлер мен рекрутерлер
    Скриниң мен қызметкерді жұмысқа қабылдау әлдеқашан автоматтандырылып қойған. Бірақ ұжым мәдениетін қалыптастыру, қызметкерлерге қолдау білдіру дегенге ЖИ-дің күші әзірге жетпейді.

Жаңа мамандықтар

AI-журналист, ЖИ-контент кураторы, әдепті ЖИ-дизайнер, prompt engineer — осы сынды жаңа мамандықтар шығып жатыр. Қазірдің өзінде LinkedIn-де мұндай вакансиялар бар.

Енді не істеу керек?

Кез келген жағдайға бейімделу қажет. Бастысы, ЖИ-мен бәсекелеспей, қайта бірлесіп жұмыс істеген абзал.

  • ЖИ-мен қалай жұмыс істеу керегін үйреніңіз. Сұраныс жасау, тексеріс, кастомдау дегендерді меңгеріңіз.
  • Эмоциялық интеллект, креатив ой, сыни ой қабілеттерін дамытыңыз.
  • Трендтерден хабардар болып жүріңіз. Өзгеріс табан асты бола қалуы мүмкін.

Еске сала кетсек, бұған дейін жасанды интеллектінің болашағына қатысты болжамдар туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз