Жаңалықтар

Шерзат Полат ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр – тікелей трансляция

Шерзат ісі жалғасып жатыр/фото: kursiv.media

Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 28 сәуірдегі сот отырысына куә Эльмира Нұрбековадан жауап алынды, деп хабарлайды KursivMedia..

14:40 Түстен кейін де куә Эльмира Нұрбековадан жауап алу жалғасты. Қорғау тарапы сұрақтарын қойып жатыр. Нұрбекова оқиға болғаннан кейін бірнеше күн ішінде өзінен неше рет жауап алынғанын нақты айта алмады.

15:05 Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай куә Эльмира Нұрбекованың сотта берген жауабына сын көзбен қарауды сұрады.

«Куә Нұрбекованың тергеу кезінде және сот отырысында берген жауаптары бір-біріне қарама-қайшы екені байқалды. Құрметті сот, осыған сәйкес Нұрбекованың берген жауаптарына сын көзбен қарауыңызды сұраймын. Әдейі жалған жауап беріп тұрған сияқты», – деді прокурор.

28.04.2025ж. 2-бөлім. Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша ашық сот процесі

Қорғау тарапы куәнің сотта берген жауабына сын көзбен қарау туралы өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады, ал жәбірленуші тараптың адвокаттары айыптау тарабының өтінішхатын қолдады.

Судья өтінішхатты ашық қалдырды, шешім кеңесу бөлмесінде қабылданады.

15:15 Сот отырысына оқиға орнында болған екінші әйел шақырылды.

Дана Жақсыгелді 1999 жылы Талғар қаласында туған, қазақ, Қазақстан азаматы, білімі  – орта, жұмыссыз, ажырасқан.

Әйел сотталушылардың ішінде Абзал Шынасыл, Нұрқияс Ілиясов, Равиль Сакиев, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаевты танитынын айтты. 

16:33 Сот залына куә Розыбакиев шақырылды. 19 жастағы жігіт сол күні ең алдымен достарымен бірге оқиға болған дүкенге барған. Ол кезде екі адам жерде жатқан. Куә Розыбакиевтің досы Арлан Қазакенов сол кезде сотталушы Нұрқияс Ілиясовқа хабарласқан. Содан кейін екеуі бірге Ілиясовты алып кету үшін көлікке отырып, ауыл жаққа жолға шыққан. Сол жақта бір топ адаммен кездесіп, әрі қарай екі сотталушы мен бір қыз Қазакеновтің көлігіне отырған. Сотталушының бірі Розыбакиевке «ешкімге айтпаңдар» деп ескерткен.

17:02 Сот залына куә Арлан Қазакенов шақырылды. Айтуынша, оған қатысты да қылмыстық іс қозғалған, алайда кейін іс қысқартылған. Қамаудан 2025 жылдың қаңтарында босап шыққан.

«Иә, іс қозғалды. 13 қазанда Қонаев қаласындағы тергеуші екі күні қамады. Әрі қарай сот шешеді деді. Содан кейін 2025 жылдың 16 қаңтарында шықтық. Істі тоқтатты», – деді куә.

17:27 Сотқа куә Самат Әбдіқадыр шақырылды. Куә 1997 жылы туған, кәсіпкер, сотталушы Дидар Қалиахметтің бөлесі.

«Дүкеннің алдында 7-8 жігіт болды. Бәрі жас, шамамен менен жасы кіші. Оларды танымаймын. Дүкенге сыра алуға кірдік. Ақшасын төлейтін кезде сыртта апыр-топыр болып кетті, Қаржаубай аға сатпаймыз деді. Біз де жай шығып кеттік. Екі қызды сол күні байқамаппын. Дүкеннен шықтық. Тұрған адамдардың түрін көріп үлгермедім. Көлікке отырдық, әрі қарай жүрдік. Тарс еткен дыбыс естілді. Дидар көліктен түсіп кетті. 3-4 минуттан кейін «Дидар» деп айғайладым. Содан ол келіп көлікке отырды. Біз үйге кеттік», – деді куә Әбдіқадыр.

Ал сотқа дейінгі тергеу барысында ол Дидар Қалиахметтің көлікті тоқтатып, түсіп қалғанын айтқан. Жауап алу 17:44-те аяқталды.

Содан кейін куә Дәулет Мұратов шақырылды. Куә 2002 жылы туған Талғар тұрғыны, сотталушы Дидар Қалиахметтің бөлесі.

17:57 Шақырылған куәлерден жауап алу аяқталды.

17:58 Прокурор жәбірленуші Махметтің жауабын жариялады.

«Шерзат маған хабарласып, «Қамажай» дүкеніне шақырды. Досым Мирас екеуміз такси шақырып, Шерзаттың дүкеніне бардық. Әкесі Қаржаубай, ағасы Нұрқанат сол жерде бейтаныс үш ер адаммен әңгімелесіп тұрды. Нұрқанаттан «Шерзат қайда?» деп сұрадым, «қазір келеді, күте тұрыңдар» деп жауап берді. Дүкеннің алдында Мирас екеуміз Шерзатты күтіп отырдық. Сол аралықта бір көлік тоқтап, ішінен 3 ер адам түсті. Нұрқанаттың жанында тұрған жігіттерден «бәрі дұрыс па?» деп сұрады. Солардың қатарына қосылып, өзара сөйлесіп тұрды. Сол аралықта қара түсті Mercedes тоқтап, ішінен 5 ер адам, 2 әйел түсті. «Менің бауырымды ұрған қайсың?» деп бейтаныс ер адам сол жағымнан келіп, бет тұсымнан ұрып, есімнен тандырып тастады. Есімді жинай алмай жүрген уақытта Нұрқанатқа үш ер адамның жабылып, ұрып жатқанын көрдім. Мирас менің жаныма келіп, екеуміз мешітке қарай қаштық. Сол аралықта мылтықтың екі рет атылғанын естідім», – делінген жәбірленуші жауабында.

Айта кетейік, сот отырысы 29 сәуір сағат 10:00-де жалғасады.

Шерзат Полат ісі

Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.

Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар:

Абзал Шынасыл;

Равиль Сакиев;

Шыңғыс Белғожаев;

Дархан Әскентай;

Нұрбол Тоқтаубаев;

Азамат Тоқтаубаев;

Нұрқияс Ілиясов;

Дидар Қалиахмет;

Думан Ысқақ. 

Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды. Сондай-ақ олар өздеріне тағылған айыпты толық мойындамады.

Мәселен, Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігінде (бұзақылық), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген әрекетті жасады деп айыпталғанАбзал Шынасыл тағылған айыпты мойындамайтынын айтты.

2025 жылдың 18 сәуірінде жәбірленушілерден жауап алынды. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды. Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жанжалдың неден басталғанын айтып берді.