Жаңалықтар

Шерзат ісі: оқиға орнында болған әйелден жауап алу жалғасып жатыр (видео)

Шерзат Полат ісі жалғасып жатыр/фото: видеодан скриншот

Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың қазасынан кейін қозғалған қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. 28 сәуірде оқиға орнында болған екі әйелден жауап алынады, деп хабарлайды KursivMedia.

Бұған дейінгі сот отырысына екі әйелдің бірі Эльмира Нұрбекова куәгер ретінде қатысты. Прокурор Ержан Құрақбаев әйелден не себепті жедел жәрдем немесе полиция шақырмағанын сұрады. Эльмира Нұрбекова жедел жәрдем шақырғысы келгенін, алайда қорыққанын айтты.

28 сәуірде марқұм Шерзаттың ата-анасы мен әжесі соттың рұқсатымен сот отырысына келмеді.

10:14 Жәбірленушінің өкілі куәгерден Талғардағы қай мектепте оқығанын сұрады. Адвокат Эльмира Нұрбекованың бұған дейін тек қазақ тілінде жауап бергеніне соттың назарын аударды. Істі қарап жатқан судья Ержан Жанұзақов куәгерге орыс тілінде жауап беруге рұқсат берілгенін еске салды.

Айта кетейік, куәгер Нұрбекова сотта орыс тілінде жауап беріп жатыр.

10:25 Сотта куәгер Эльмира Нұрбекованың сотқа дейінгі тергеу барысында берген жауабы түсірілген видео көрсетілді. Ол жерде қорғалуға құқығы бар куә Нұрбекова қазақ тілінде жауап берген. Сондай-ақ әйел 4 баласы бар екенін айтқан.

«Дүкенге қарама-қарсы 5 қабатты үй бар. Сол жақтан сұр түсті киім киген бала жүгіріп шықты. (…) «Жібер, жібер» деп айғайлады да, аспанға бір рет оқ атылды. Сол кезде Равильді құшақтап алдым, ол менің қолымды босатып шығып, әрі қарай жүгірді. Мен көлік тұрған жаққа қарай кеттім. Дана екеуміз көліктің артқы жағында отырдық. Мылтық кемі 2-3 рет атылды. Көмек сұраған әйелдің дауысын естідім. Көліктен шығып, олардың қай жерде тұрғанына қарадым. Шамамен 4 адамның теуіп жатқанын көрдім. Жүгіріп бардым да, қара күртеше киген жігітті ұстап алдым. «Қойыңдар» деп айттым, күртесінен тарттым, сол кезде баланы көрдім. Сұр киімдегі бала ішпен (етпетінен – ред.) жатты. Абзалдың оны арқа тұсынан ұрып жатқанын көрдім», – деген әйел берген жауабында.

28.04.2025ж. 1-бөлім. Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша ашық сот процесі

Әйел төбелес барысында кімнің қолында пышақ болғанын байқамағанын айтқан.

11:30 Жәбірленушінің адвокаты куә Эльмира Нұрбекова мен жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовпен беттестіру сәті түсірілген видеоны жариялауды сұрады.

11:33 Іске төрағалық етуші судья Ержан Жанұзақов куәгер Эльмира Нұрбекованың сотқа дейінгі тергеу барысында және сот барысында берген жауабының арасында қарама-қайшылық бар екенін айтты.

Шерзат Полат ісі

Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.

Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар:

Абзал Шынасыл;

Равиль Сакиев;

Шыңғыс Белғожаев;

Дархан Әскентай;

Нұрбол Тоқтаубаев;

Азамат Тоқтаубаев;

Нұрқияс Ілиясов;

Дидар Қалиахмет;

Думан Ысқақ. 

Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды. Сондай-ақ олар өздеріне тағылған айыпты толық мойындамады.

Мәселен, Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігінде (бұзақылық), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген әрекетті жасады деп айыпталғанАбзал Шынасыл тағылған айыпты мойындамайтынын айтты.

2025 жылдың 18 сәуірінде жәбірленушілерден жауап алынды. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды. Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жанжалдың неден басталғанын айтып берді