Мектеп ауыстырудың балаға әсері мен салдары қандай

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Мектеп ауыстыру: Балаға әсері, травмасыз, ауыртпалықсыз ауыстыру амалы
Мектеп ауыстырудың балаға әсері мен салдары қандай/Фото: shutterstock

Жаңа оқу жылында мектеп ауыстыруды ойлап жүрген ата-аналар қазірден дайындала бастайды. Осы ретте KursivMedia тілшісі балалар психологы, Мәдени және экзистенциялық психология орталығының маманы Ақгүл Хусайнмен әңгімелесіп, мектеп ауыстыруды барынша ауыртпалықсыз өткеру үшін нені ескеру керегін сұрап көрді.

Баланы мектепке қалай дайындау керек

Психолог бала мектепке алғаш барғанда үнемі жанынан табылатын, өзінің қауіпсіз ортасы – ата-анасынан ажырау кезеңін өткеретіндіктен, біршама уайымдайтынын айтады.

«Балада ата-анам қашан алып кетеді, бұл жаңа өмір-салты қашанға дейін жалғасады, бұрынғы ойын әлемім қайда, бұндай ережелерге толы әлемде қанша уақытқа дейін боламын деген сияқты қорқыныштар болады. Бұндай кездерде көбінесе бала “мектепке бармаймын» деп қарсылық білдіреді. Сондықтан баланы жаңа ортаға апарардан бұрын мектеп кезеңіне психологиялық тұрғыдан дайындау өте маңызды. Бұндай бейімделу ең әуелі отбасында басталып, кейін мектеп пен отбасы арасында жалғасуға тиіс” – дейді ол.

Психолог ересектер сөмке көтерген тәп-тәтті балалар мекені бала үшін жаңа өмір, жаңа сезім, жаңа әлем екенін мойындауы керектігін атап өтіп, баламен көбірек сөйлесу қажеттігін айтты.

«Баламен ашық сөйлесу керек. Қорқа ма, қорықса неден қорқады, неге қызығады, нені қызықтайды, қандай сұрақтары бар, нені білгісі келеді… Осыларды білу арқылы мектепке дайындықты бірге жасау маңызды. Қазіргі таңда балалар уақытының көбін планшет, телефонмен өткізіп жатыр. Үйдегі шектеусіз жайлылыққа қарай қашпауы үшін мектеп басталғанға дейін белгілі бір күн тәртібін қалыптастырып алған жөн. Бұл мектепке баратын балалар үшін көп дүниенің жеңіл басталуына көмектеседі. Бала өзін түсінуге тырысатын, мәселені шешу жолдарын бірге қарастыратын ата-ананы көргенде, қорқынышы жеңілдейді» – дейді ол.

Мәдени және экзистенциялық психология орталығының маманы Ақгүл Хусайн

«Бастауыш сыныпта мектеп ауыстыру ұсынылмайды»

Психолог аса қажеттілік болмаса, бастауыш сыныпта мұғалім немесе мектеп ауыстырғанды құп көрмейді.

«Мектепке бару бала үшін стресс кезең. Оны мұғаліммен сенімге негізделген жылы байланыс, достарының қолдауы жеңілдетеді. Кейде алғашқы әйел мұғалім бала үшін бейне бір ана іспеттес болып кетеді. Ал жаңа ортаға енді бейімделіп жүрген баланы басқа мектепке ауыстыру оған адамдармен сенімді байланыс орнатуына кері әсер етуі мүмкін» – дейді маман.

Мектеп ауыстыруға баланы қалай дайындау керек

Психолог ата-аналарды ауыстыратын мектепті балаға алдын ала көрсетіп, танып-білуіне көмектесуге шақырады.

Маманның пікірінше, мектеп ауыстыру жоспарлы мақсатпен байланысты болған жағдайда баламен міндетті түрде алдын ала сөйлесіп, мектеп ауыстыру себептерін жасына сай түсіндіру керек.

Ал егер мектепті мұғалімнің зорлық-зомбылығына байланысты ауыстыруға тура келсе, онда жаны жарақат алған балаға бұрынғы қалпына келуге жаңа мұғалімнің адами болмысының жұмсақ әрі жылы қарым-қатынасы көмектеседі.

Мектеп ауыстыру ата-ананың қиындықтарына байланысты жүзеге асып, ол балада проблема тудырса, онда маманмен жұмыс істеу ұсынылады.

Баланы жаңа ортаға бейімдеу

Маманның пікірінше, мектеп ауыстырғанда баланың кем дегенде бір оқушымен тіл табысып, достасуына көмектесу керек. Қажет болса, сыныптастарының ата-аналарымен танысып, балалардың мектептен тыс ортада бірге уақыт өткізуіне жағдай жасайтын іс-шаралар ұйымдастыруға болады.

«Мектеп ауыстырған балалар тез бейімделу үшін мұғалімдер сыныптағы ашық жарқын бір оқушыға жауапкершілік артып, жаңа келген балаға мектепті таныстыруды, үйренуге көмектесуді тапсыруға болады. Баланы тани түсіп, қызығатын дүниелерін жасауына мүмкіндік жасаған жөн. Басқа оқушылар тарапынан буллинг болдырмау үшін сынып ішінде балалардың өзара тез үйреніп кетуіне көмектесетін ойын түріндегі іс-шаралар жасау керек» – дейді психолог.

«Өте қажет болмаса, мектеп ауыстырмаған жөн»

Психологтың сөзінше, балаға ата-ана мен мұғалімнен бұрын достары қатты әсер етеді. Шын мәнінде, мектеп таңдау арқылы ата-ана баланың ортасын да таңдайды.

«Егер балаңыздың мектебін өте жиі ауыстырған болсаңыз, балаға мәселелерді шешуді үйретпей, оларды болдырмауға тырысыңыз. Жаңа ортаға бейімделуі қиын, әлеуметтік дағдылары әлі жетілмеген бала үшін мектеп ауыстыру оңайға соқпайды. Сондықтан, өте қажет болмаса, мектеп ауыстырмаған жөн» – дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыз