Қырғызстанда ниқаб киген әйелдерге ескерту жасалып жатыр

Қырғызстанның Ош қаласында қоғамдық орындарда бетін тұмшалаған киім киген әйелдерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Ош қалалық ІІБ-ның баспасөз қызметі хабарлады деп жазады 24.kg сайты.
Белгілі болғандай, рейдтер «Дін саласындағы жекелеген заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» заңның талаптары мен Қырғыз Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінің 127-1-бабы аясында өткізіліп жатыр.
Полиция қызметкерлері жаңа талаптар күшіне енгенін еске салуда. Рейд барысында бетін тұмшалаған шамамен 300 әйел анықталып, оларға заңға түсініктеме берілген арнайы буклеттер таратылып, ескерту жасалған.
Сәуір айында Жалал-Абад облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті жедел кеңес өткізіп, қоғамдық орындарда никаб киген қыз-келіншектерге 20 мың сом көлемінде айыппұл салынатынын мәлім еткен. Аталған заң жобасы қырғыз парламентінің қарауына былтыр түскен.