Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтері 446 млрд теңге инвестшығынға ұшыраған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Зейнетақы актитері қанша табыс тапты Фото: shutterstock

Қазақстандықтардың зейнетақы активтерін басқаратын Ұлттық банк пен жеке басқарушы компаниялар 2025 жылдың І тоқсан нәтижесін жариялады Есепті кезеңде нарықтағы құбылмалылық пен сыртқы факторлардың әсерінен зейнетақы активтерінің жалпы табыстылығы теріс көрсеткіш көрсеткен.

Қазір БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері 22,4 трлн теңгеге жеткен. Жеке зейнетақы шоттарының саны 11,2 млн бірлікке тең.

Ұлттық банк басқаруындағы активтер

Ұлттық банк басқаруындағы активтер көлемі 22,3 трлн теңгені құрайды. Осы активтердің жыл басынан бергі инвестициялық шығыны – 446,48 млрд теңгені құрады.

«Инвестициялық қызметтің нәтижесінде, сондай-ақ шетелдік валюталар бағамының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан 2025 жылдың басынан бастап есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 446,48 млрд теңгені құрады. 2025 жылдың басынан бастап салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 1,97% құрады», – делінген есепте.

Жеке басқарушы компаниялар

Зейнетақы активтері Ұлттық банкпен қатар, 5 жеке компанияның басқаруына берілген. Олардың басқаруындағы қаржы 67,2 млрд теңгені құрайды.

Жеке компаниялар арасында BCC Invest ең жақсы нәтиже көрсетті. Олардың басқаруындағы зейнетақы активтері 5,9 млрд теңгені құрады. Жыл басынан есептегенде, бұл компания 186,49 млн теңге инвестициялық табыс тапты, ал табыстылық деңгейі +3,05% болды. Бұл – барлық басқарушылар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Сонымен қатар Сентрас Секьюритиз де оң нәтиже көрсетті. Олар сенімді басқаруға алған 2,1 млрд теңге көлеміндегі активтер бойынша 21,54 млн теңге инвестициялық табыс тапты. Бұл олардың табыстылығын +0,92% деңгейінде көрсетті. Мұндай көрсеткіш компанияның активтерінің көлемі салыстырмалы түрде аз болғанына қарамастан, табысты жұмыс істегенін білдіреді.

Halyk Global Markets басқаруындағы активтер көлемі 5,3 млрд теңгені құрады. Олар жыл басынан бері 39,68 млн теңге инвестициялық табыс тапқан, табыстылық деңгейі +0,69% болды. Бұл салыстырмалы түрде орташа көрсеткіш саналады, яғни компания активтерді сақтап қана қоймай, аздап арттыра алды.

Jusan Invest те оң нәтиже көрсетті, бірақ табыстылығы төменірек. Компанияның сенімді басқаруындағы активтер көлемі 11,4 млрд теңге болды. Жыл басынан түсетін инвестициялық табыс 44,75 млн теңгені құрады, бұл табыстылықты +0,35% деңгейінде көрсетті. Бұл — өте мардымсыз өсім, дегенмен нарықтағы жалпы құлдырау жағдайында активтерді кем дегенде жоғалтпау да маңызды.

Halyk Finance компаниясы керісінше, теріс нәтиже көрсетті. Олар 37,9 млрд теңге активті басқарды, бірақ инвестициялық қызмет нәтижесінде -275,03 млн теңге шығынға ұшырады. Нәтижесінде олардың табыстылығы -0,70% болды. Бұл көрсеткіш компанияның басқару тиімділігін төмен бағалауға негіз болады.

Жалпы алғанда, жеке басқарушылардың ішінде тек BCC Invest, Сентрас Секьюритиз, Halyk Global Markets және Jusan Invest табыс көрсетті. Ал Halyk Finance пен Ұлттық Банктің басқаруындағы активтер бойынша шығын тіркелді.

Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы бір жылда 3,8 трлн теңгеге өскен.

Сондай-ақ оқыңыз