Халық табысының тең жарымын азық-түлікке жұмсайды

2024 жылы Қазақстан халқының табысымен қатар, шығыстары артқан. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, халық тапқан табысының тең жарымын азық-түлікке жұмсаған.
Тапқан табысының 22,4%-ын азық-түлікке жатпайтын тауарларға жұмсаса, 18%-ы ақылы қызметке кеткен. Осылайша қазақстандықтар кредит пен қарыз өтеуге тапқан табысының 6,6%-ын жұмсаған.
Былтыр қазақстандықтардың жан басына шаққандағы орташа табысы 1 328 907 теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 14,3%-ға артқан.
Табыс өскенімен, шығында артып барады. Былтыр шығын жан басына шаққанда орта есеппен 1 172 998 теңге болған. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,6%-ға жоғары. Яғни тұтыну мен басқа да қажеттіліктерге кететін шығын көлемі халықтың өмір сүру деңгейінің өзгергенін көрсетеді.
Тұтынуға пайдаланылған табыс көрсеткіші де біршама жоғарылаған. 2024 жылы бұл көрсеткіш жан басына шаққанда 1 189 963 теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 6,3%-ға артты. Бұл сандар халықтың өз табысының үлкен бөлігін тұтыну мақсаттарына бағыттап отырғанын білдіреді.
Өңірлік тұрғыда алғанда, ең жоғары өсім Астана қаласында тіркелген. Бұл қалада халықтың тұтынуға бағытталған табыстары республикалық орташа деңгейден айтарлықтай жоғары. Керісінше, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы ең төменгі деңгейдегі өңірлер қатарынан көрінді. Бұл аймақтардағы тұтынуға пайдаланылған табыстар республикалық орташа деңгейден 0,7%-ға төмен.
Сауда министрлігі өткен айда жұмыртқа, ұн, күріш және қарақұмық бағасы арзандағанын хабарлаған.