Клиенттерінің жеке дерегін таратып жіберген компания 1,1 млрд теңге дивиденд төледі

2 млн қазақстандықтың жеке дерегін таратып жіберген «Робокэш» микроқаржы ұйымы (МҚҰ) акционеріне 1,1 млрд теңге дивиденд төледі. Бұл туралы ақпарат Қазақстан қор биржасы сайтында жарияланған. МҚҰ Қазақстан нарығында Zaimer.kz және TezCredit.kz атымен жылдам несие береді.
Бұл дивиденд микроқаржы ұйымының 2023 жылғы қызметі үшін төленген. Төленген дивидендтің нақты сомасы – 1 млрд 109 млн теңгені құраған. Бір жай акцияға шаққанда 5,55 теңгеден келеді. 2023 жылғы қаржы есебіне сәйкес, компания 12,7 млрд теңге таза пайда алған.
Былтыр микроқаржы ұйымы акционеріне 2021 жыл үшін – 1,7 млрд теңге, ал 2022 жыл үшін 1,3 млрд теңге дививденд төлегенін хабарлаған.
«Робокэш» микроқаржы ұйымының жалғыз акционері – ROBOCASH.PTE LTD компаниясы. Түпкі иесі – Түркия азаматы Сергей Седов пен Франция азаматы Валин Пол Жак Тиерри. Сергей Седов 2022 жылға дейін Ресей азаматтығын иеленген.
МҚҰ елдегі актив көлемі бойынша 214 микроқаржы ұйымы арасында 13 орында тұр. Актив көлемі 32 млрд теңгеден асқан. Несие порфелі 40,3 млрд теңгені құрайды. Соныі ішінде төленбегеніне 1 айдан асқан қарыз көлемі 11 млмр теңгеге жеткен.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы 5 наурызда «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ Zaimer.kz («Робокэш.кз» ЖШС) микроқаржы ұйымының 2 млмн клиентінің жеке дерегі таралып кеткені жайлы хабарлады. Жалпы Robo.finance платформасында жұмыс істейтін микроқаржы ұйымдары клиенттерінің 36 млн-нан астам деректері анықталды. Оның ішінде РФ – 23,6 млн, Филиппин – 5 млн, Вьетнам – 2 млн деректері бар.