Бейімделу – білім беру саласындағы жаңа тренд

Жарияланды
Бейімделу – білім беру саласындағы жаңа тренд
Бейімделу – білім беру саласындағы жаңа тренд / Фото: Saby Foundation

Кез келген тірі ағзаның, әсіресе, адамның өмір сүруі оның қоршаған ортаға бейімделе білу қабілетіне тікелей байланысты. Бұл туралы жақында Алматыда өткен Future Talks алаңында белгілі нейроғалым және психолингвист Татьяна Черниговская айтты.

Future Talks шарасын белгілі қоғам қайраткері әрі меценат Әсел Тасмағамбетова басқаратын Saby Foundation қайырымдылық қоры ұйымдастырды. Қор бірнеше жылдар бойы білім беру, денсаулық сақтау және жастарды қолдау салаларында маңызды жобаларды жүзеге асырып, қоғамның үйлесімді дамуына үлес қосып келеді.

Татьяна Черниговская білім саласында, әсіресе, ұстаздардың оқу процесін өзгертіп, әр балаға бейімделу керек екенін айтады.

«Кез келген тірі ағза өмір сүру үшін бейімделу қабілетіне ие болуы керек. Амёбадан бастап, Homo sapiens болсын, егер олар әлемге дұрыс бейімделе алса, олардың өмір сүру мүмкіндігі бар», – дейді ғалым.

Айтуынша, бейімделу — бұл тек физикалық өмір сүру емес. Бұл — әлемнің құрылымын терең түсіну, өзгерістерге жауап ретінде өз мінез-құлқын реттей білу процесі. Өзгерістерге икемді болу — тіршілік пен дамудың кілті. Черниговская ұлы философтардың ойларына сүйене отырып, ерекше оймен бөлісті.

«Егер ессіз тура жүре берсем, шкафтарға, есіктерге, қабырғаларға соғылып, орындықтарды құлатсам — бұл мен үшін ғана жаман. Мен бұл әлемнің қалай құрылғанын білуім керек. Егер білмесем — жеңілемін», – дейді ғалым.

Әсел Тасмағамбетованың айтуынша, бұл дәл Saby Foundation қорының жұмыс философиясымен де үндеседі. Қордың қолдауымен ашылған Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп жобалары жастарға әлемді түсініп, сапалы білім алып, сыни ойлау мен бейімделу қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

Черниговскаяның сөзінше, тез өзгеретін заманда, технологиялар мен жаһандық үдерістер бұрынғыдай тұрақты емес кезде, бейімделу қабілеті өмір сүрудің басты шартына айналды. Жаңа нәрсені тез үйрену, әлемді қандай болса, сол күйінде қабылдай білу — тек тірі қалу емес, табысқа жетудің де жолы.

Александр Аузан
Александр Аузан Future Talks алаңында / Фото: Saby Foundation

Шараның екінші бөлігінде Мәскеу мемлекеттік университеті Экономика факультетінің деканы Александр Аузан өзгерістер заманындағы экономикалық құбылыстарға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Қазақстанда дәстүр экономикаға бөгет емес, оны өзгертуге, бейімдеуге мүмкіндік беретін көпір деп қабылдау керек.

«Мәселен, Оңтүстік Кореяны алып қаралық. Елдегі «чеболь» дәстүрі үлкен корпорациялар құруға мүмкіндік берді. Олар өз дәстүрлерін сақтай отырып, бизнесте өзіндік қарым-қатынасты қалыптастыруға жол ашты», – деді Аузан.

Бұған қоса, ғалым жас ұрпақтың жұмыс істеу ерекшілігіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, жас мамандардың жауапкершілігі төмен болғанымен, олардың бойында бұрынғы ұрпақтарда кездеспеген, әртараптылық бар. Яғни бір мезетте бірнеше қызметті қатар атқара алады.

Сондай-ақ оқыңыз