Lifestyle

Amazon платформасында Қазақстан туралы тревел-шоудың премьерасы өтті

Amazon-да Қазақстан туралы травел шоудың премьерасы өтті / фото: Travel by Dart youtube cover

Әлемге әйгілі Amazon Prime стримингтік платформасында Қазақстанға арналған «Travel by Dart» үш эпизодтан тұратын тревел-шоуының премьерасы өтті. Бұл туралы Kazakh Tourism хабарлады.

Ауқымды жоба әлемнің түкпір-түкпіріндегі 400 млн астам көрерменге бағытталған және теледидар арналары, стриминг қызметтері мен халықаралық әуе компанияларының борттық жүйелерінде көрсетіледі.

«Travel by Dart» шоуының ерекше форматына сәйкес, саяхат бағыты әлем картасына дротик лақтыру арқылы таңдалады. Өткен жылы жобаның америкалық продюсерлері Қазақстанда түсірілім ұйымдастыру үшін «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясына жүгінген еді. Бұл бастаманы Алматы мен Астана қалаларының, сондай-ақ Алматы және Ақмола облыстарының әкімдіктері қолдап, логистика мен негізгі туристік нысандарға кіруге барынша жағдай жасады.

Kazakh Tourism Басқарма төрағасы Қайрат Садвақасовтың айтуынша, Қазақстан америкалық шығармашылық топ үшін табиғи әсемдігі, бай мәдени мұрасы мен қонақжай халқы арқылы нағыз жаңалыққа айналған.

«Халықаралық медиа платформалармен және ірі тревел-жобалармен әріптестік орнату — еліміздің тартымды туристік бағыт ретінде халықаралық беделін арттырудың тиімді жолы. Amazon Prime секілді жаһандық платформаларда Қазақстан туралы бірнеше эпизодтың көрсетілуі — АҚШ нарығында туристік имиджімізді нығайту бағытындағы маңызды қадам», – деді Қайрат Садвақасов.

«Travel by Dart» тек Amazon Prime арқылы ғана емес, әлемнің көптеген телеарналарында және бірқатар халықаралық әуе компанияларының борттарында да көрсетіледі. Жоба Қазақстанды мәдениеті бай, табиғаты әртүрлі және өзіндік дәстүрлері бар перспективалы туристік ел ретінде көрсетті.

Шоудың эпизодтары арқылы көрермендер: Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, «Алтын-Емел» ұлттық паркі, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы, «Бәйтерек» монументі, «Astana Opera» театры, Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт, «Сауран» базары сияқты бірқатар көрнекті орындармен танысты.

Сонымен қатар, Алматы облысындағы Саты ауылы ерекше аталып өтті. Бұл ауыл 2023 жылы БҰҰ-ның Дүниежүзілік туристік ұйымы (UNWTO) тарапынан әлемдегі ең үздік туристік ауылдардың бірі ретінде танылған.

Travel by Dart авторлары қазақтың ұлттық тағамдарын да ерекше назарға алды. Шоудың эпизодтарында жүргізушілер дәстүрлі асханамен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татты. Ал ерекше қызығушылық тудырған эпизодтардың бірі — бүркітпен аң аулау өнеріне арналды.

Атап өтсек, Amazon Prime — әлемдегі ең ірі стримингтік сервистердің бірі. Платформа 240-тан астам елде қолжетімді және көркем фильмдерден бастап деректі және тревел-жобаларға дейін әртүрлі лицензиялық әрі түпнұсқа контент ұсынады.

Бұған дейін Fredom еншілес компания Amazon Web Services (AWS) компаниясымен серіктестік келісімге келгені туралы жазған едік.