
Орталық Азиядағы ең ірі гик-мәдениет фестивалі – Comic Con Astana 2025 жылғы алғашқы хэдлайнерін жариялады. Бұл мәртебеге бүкіл әлемге кинодағы цифрлық кейіпкерлерді қайта танытқан актер – Энди Серкис ие болды.
Энди Серкис — «Сақиналар әміршісі» трилогиясындағы Голлумның, «Маймылдар планетасы» франшизасындағы Цезарьдың, «Жұлдызды соғыстардағы» жоғарғы көшбасшы Сноуктың және «Бэтмен» (2022) фильміндегі Альфредтің рөлдері арқылы әлемге танымал болды. Бұдан бөлек, Серкис «Кинг-Конг» фильмінде, «Андор» сериалында, Marvel әлеміндегі «Кек алушылар: Альтрон дәуірі» мен «Қара Пантерада» ойнаған Улисс Кло рөлімен де есте қалды.
Энди Серкис актерлік мансабымен қатар, режиссер ретінде де бірнеше жұмыстарымен танымал: «Веном 2», «Маугли» және «Біз үшін дем ал» сынды фильмдерді түсірген. Ал 2027 жылы жарық көретін «Сақиналар әміршісі: Голлумды аулау» фильмінде режиссерлік тізгінді ұстап, Голлум бейнесіне қайта оралады.
Comic Con Astana 2025 фестивалі 9-13 шілде аралығында өтеді. Биыл іс-шара алғаш рет екі бірдей алаңда – «Астана Арена» және «Барыс Аренада» ұйымдастырылады.
Фестиваль бағдарламасында:
- Голливуд жұлдыздарымен автограф-сессиялар мен сұхбаттар (Q&A),
- Эксклюзивті трейлерлер мен фильм премьералары,
- Халықаралық студиялар мен брендтердің көрмелері,
- 15 миллион теңге жүлде қоры бар ТМД-дағы ең үлкен косплей байқауы болады.
Өткен жылдары фестивальдің хэдлайнерлері ретінде Мадс Миккельсен («Ганнибал», «Доктор Стрэндж»), Перси Хайнс Уайт («Уэнсдэй») және Пилу Асбек, Шон Ганн, Майкл Рукер сынды актерлер Астанада жиналған еді.
Ұйымдастырушылардың сөзінше фестивальдің биылғы бағдарламасы толыққанды әлі де дайындалып жатыр. Бірақ қазірдің өзінде арнайы қонақтардың қатарында YouTube жұлдызы Qewbite пен Metal Family анимациялық веб-сериясының авторлары Алина Ковалева мен Дмитрий Вдовенко бар екені белгілі болды.
Comic Con Astana 2019 жылы шағын көлемде басталып, бүгінде толыққанды халықаралық мәдениет алаңына айналды.