Lifestyle

Назарбаевтың бейнесін сомдауға бюджеттен қанша миллион доллар кетті

Назарбаев туралы фильмдерге 14 млн доллар жұмсалған / фото: скрин

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы бірнеше көркем фильм түсірілген. Бұл фильмдерге ел қазынасынан қомақты қаржы бөлінген. Жалпы есеп бойынша, Назарбаевтың өмір жолын баяндайтын фильмдерге 14,2 млн АҚШ доллары жұмсалған.

«Балалық шағымның аспаны»

Назарбаев жайлы шыққан алғашқы фильм 2011 жылы 14 сәуірде жарық көрді. Ашық дереккөзде бұл фильмге 3 млн доллар(қазіргі курспен алғанда 1 млрд 543 млн теңге) бөлінген.

Режиссер Рүстем Әбдірәшев түсірген «Балалық шағымның аспаны» – Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы туралы баяндайтын көркем фильм. Оқиғалар негізінен тұңғыш президенттің туған жері Шамалған ауылында өтеді. Фильмде болашақ Е қиындықтарға қарамастан білімге, еңбексүйгіштікке ұмтылғаны көрсетіледі. Туындыда қазақ ауылының тұрмысы, отбасылық құндылықтар мен сол замандағы әлеуметтік жағдай көрініс табады.

«Елбасы жолы»

Шығу уақыты: 14 желтоқсан 2013 жыл
Бюджет: 2 500 000 доллар (1 млрд 286 млн теңге)
Кассалық түсім: 175 199 доллар
Режиссері: Рүстем Әбдірашев

Фильм туралы:

Бұл фильм Нұрсұлтан Назарбаевтың Теміртаудағы қарапайым жұмысшы болған жылдарын суреттейді. Назарбаев металлургия комбинатында жұмыс істеп жүріп, өзінің көшбасшылық қасиеттерін көрсетеді. Сондай-ақ, фильмде оның еңбек жолының басталуы, комсомол ұйымдарындағы белсенділігі және алғашқы қоғамдық қызметтері баяндалады. Туынды өмірлік күресті, еңбекқорлық пен көшбасшылықтың қалыптасу жолдарын ашады.

«Тығырықтан жол тапқан

Шығу уақыты: 4 желтоқсан 2014 жыл
Бюджет: 2 500 000 доллар (1 млрд 286 млн теңге)
Кассалық түсім: 99 228 доллар (51 млн теңге)
Режиссері: Рүстем Әбдірашев

Фильм туралы:

Фильмде Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси аренаға қадам басуы, 1980-ші жылдардағы Қазақстандағы қоғамдық-саяси өзгерістер кезеңі бейнеленген. Назарбаев металлургиялық зауыттағы басшылық қызметтен мемлекеттік деңгейдегі саясаткерлікке көтеріледі. Туындыда Кеңес Одағы кезіндегі қиын-қыстау кезеңдер мен Назарбаевтың жаңа бағыт іздеудегі әрекеттері көрсетіледі.

«Жұлдыздар тоғысқанда»

Шығу уақыты: 28 сәуір 2016 жыл
Бюджет: 3 600 000 доллар (1 млрд 852 млн теңге)
Кассалық түсім: 54 367 доллар (27 млн теңге)
Режиссері: Сергей Снежкин

Фильм туралы:

Алғашқы үш фильмнің режиссері Рүстем Әбдірашев болса, бұл фильмді режиссер Сергей Снежкин түсірді. Туынды 1984–1991 жылдар аралығындағы маңызды саяси оқиғаларды қамтиды. Назарбаевтың Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалуынан бастап, тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланғанға дейінгі аралықты көрсетеді. Кеңес Одағы ыдырауы, республикалардың тәуелсіздікке ұмтылысы және ішкі саяси тартыстар фильмнің негізгі желісі болып табылады.

«Елбасы жолы. Астана»

Шығу уақыты: 16 желтоқсан 2018 жыл
Бюджет: 2 600 000 доллар
Кассалық түсім: 48 477 доллар
Режиссері: Ақан Сатаев

Фильм туралы:

Фильм Қазақстанның жаңа астанасын көшіру туралы шешім қабылдаған кезеңге арналған. Назарбаевтың елорда салу идеясын жүзеге асыру жолындағы қиындықтары, қарсылықтар мен сындарға төтеп беруі суреттеледі. Астананың құрылуы мен оның ел үшін стратегиялық маңыздылығы фильмнің негізгі тақырыбына айналған.

Осылайша, Назарбаев түсірілген барлық бес фильмге жалпы алғанда 14,2 млн доллар (7 млрд 203 млн теңге) бөлінсе, кассалық табысы бар жоғы 624 897 доллар (321 млн теңге) болды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев мінген алғашқы көліктерінің бірі 222 млн теңгеге сатылымға шыққаны туралы жазған едік.