Солтүстік Корея Ресейге әскер жібергенін растады

2025 жылдың 28 сәуірінде Солтүстік Корея алғаш рет ресми түрде Ресейге әскер жібергенін растады. Бұл туралы Солтүстік Кореяның ресми ақпарат агенттігі – KCNA хабарлады.
Хабарламада Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның бұйрығымен Ресейге әскери көмек көрсетілгені айтылған. Әскерлер Солтүстік Корея мен Ресей арасындағы өзара қорғаныс келісіміне сәйкес жіберілген. Солтүстік Кореяның әскери бөлімшелері Ресейдің Курск өңірінде Украина күштеріне қарсы операцияларға қатысып, бұл аймақты «азат ету» ісінде маңызды рөл атқарған.
KCNA дерегі бойынша, Ким Чен Ын Ресеймен жасалған стратегиялық серіктестік туралы келісімнің шарттарына сәйкес әскер жіберу шешімін қабылдап, бұл туралы ресейлік тарапты хабардар еткен. Екі ел арасындағы өзара қорғаныс шарты өткен жылы маусым айында Пхеньянда Ким Чен Ын мен Владимир Путин арасында жасалған. Келісім бойынша, соғыс жағдайында тараптар бір-біріне әскери көмек көрсетуге міндеттеледі.
KCNA агенттігі Солтүстік Корея әскерлерінің әрекеттері БҰҰ Жарғысына, халықаралық құқық нормаларына және екіжақты келісім талаптарына толық сай келеді деп мәлімдеді. Сонымен бірге, Ким Чен Ын бұл әскери көмекті Ресеймен достық пен ынтымақтастықты нығайту жолындағы «қасиетті миссия» деп атады.
Сондай-ақ, Пхеньянда соғыста қаза тапқан сарбаздардың ерлігін ұлықтау үшін ескерткіш орнатылатыны және олардың қабірлеріне гүл қойылатыны хабарланды. Бұл Солтүстік Корея тарапынан өз сарбаздарының Ресей жеріндегі шайқастарда қаза тапқанын мойындау болып отыр.
Айта кетсек, Солтүстік Корея 2024 жылдың қазан айында Ресейге 10 мыңнан астам жауынгер жіберген. Батыс елдері мен Украина деректері бойынша, қаңтарда украин күштері екі солтүстіккореялық сарбазды тұтқынға алған. Одан бөлек, қаңтар-ақпан айларында Солтүстік Корея тағы 3000 сарбаз жібергені хабарланған.
Бұған дейін, Солтүстік Корея Ресей мен Украина арасындағы соғыстан 20 млрд табыс тапқаны туралы жазған едік.