Жемқорлардан қайтарылған қаражатқа 280 әлеуметтік нысан салынып жатыр

Жемқорлардан жалпы 610 млрд теңгенің активтері қайтарлған. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
«Бүгінге мемлекет пайдасына жалпы сомасы шамамен 610 млрд теңге көлемінде активтер қайтарылды, оның ішінде 506 млрд теңге – ақшалай қаражат, 103 млрд теңге – мүлік», – делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл қаражатқа білім беру, денсаулық сақтау, спорт және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту салалары бойынша 280-ге жуық әлеуметтік жобалар қолға алынған.
Сондай жобаның бірі Ақмола облысында жүзеге асырылады. Үкімет қайтарылған активтер есебінен Ақмола облысында сумен жабдықтау жүйесін салуға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін хабарлады.
Бөлінген қаражатқа Ақмола облысындағы Қосшы және Макинск қалаларында сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, қайтарылған активтерден Қосшы қаласында су құбыры жүйесінің құрылысын аяқтауға 476,7 млн теңге бөлінген. Бұл жоба халықты 100% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етеді.
«Қазіргі таңда шамамен 50 шақырым құбыр тартылған. Жалпы, желілердің ұзындығы 64,1 шақырым болады деп жоспарланып отыр. Нысанды жыл соңына дейін тапсыру көзделген», – делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен бірге Макинск қаласында да су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес, 72,7 шақырым су желілері тартылуы керек. Қалада 45 шақырым су желісі салынған. Қалған жұмыстарды жүзеге асыруға Арнаулы мемлекеттік қордан 606,4 млн теңге бөлінеді. Жоба аяқталса, 18 мың адам орталықтандырылған сумен қамтылады.
Айта кетейік, жемқорлардан қайтарылған 21 млрд теңгеге СҚО-да су құбырлары салынатыны жөнінде KursivMedia редакциясы жазған болатын.