
Сайран көлін жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. KursivMedia редакциясы Алматы қаласы әкімдігіне сауал жолдап, Сайран көлі қалай өзгеретінін және реконстуркциялау жұмыстарының қалай жүріп жатқаны туралы білген болатын.
Әкімдіктің мәліметінше, Сайран көліндегі барлық құрылыс жұмыстары 1 ай ішінде толық аяқталып, маусымнан бастап, пайдалануға беріледі.
«Нысанның дайындығы 90%-дан асады. Бүгінгі таңда жағалау сызығын нығайту, инженерлік желілерді төсеу және бөгет салу бойынша негізгі инженерлік және құрылыс жұмыстары орындалды. Қазір соңғы кезең жүріп жатыр — аумақты абаттандыру, шағын сәулет нысандарын орнату және көгалдандыру. Барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде – ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда», – дейді жоба басшысы Ринат Зілмұхамедов.
Сайран көлін абаттандыру бойынша қандай жұмыстар атқарылды?

Сайран су қоймасын жаңғырту барысында мынадай шаралар атқарылған:
- 12 мың шаршы метр асфальт және 13 мың шаршы метр жол төсемі төселген;
- 563 бірлік сыртқы жарықтандыру және шұғыл хабарлау жүйесі жүргізілген;
- 50-ге жуық бейнекамера орнатылған;
- 3 мыңнан астам ағаш және 3 мың бұта отырғызылған;
- 30 га түрлі өсімдіктер егілген;
- жағажай маңына 6,5 мың тонна құм төгілген;
- алаңда екі құтқару станциясы;
- екі полиция бекеті;
- бес қоғамдық дәретхана салынған.
Көл маңында қандай орындар ашылады?

Баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба барлық жас топтарын ескере отырып жүзеге асырылған. Құрылыс барысында инклюзивті топқа жатқызылған азаматтардың да ерекше қажеттіліктері толық ескерілген. Сонымен бірге көл маңында жай серуендеуге, белсенді демалуға және отбасылық демалысқа арналған аймақтар ашылады. Атап айтқанда, скейтпарк, велопарк, ролло паркі, паркур алаңдары, футбол және волейбол алаңдары, ойын элементтері бар балалар қалашығы қажетті құрылғылармен жабдықталады және иттерді серуендеуге арналған аймақтар пайда болады.
Ал су қоймасының өзінде гүлденген лотостар, перголалар отырғызылып аумақтың көркін аша түседі. Сонымен қатар бұл демалыс орындары тәулік бойы бақыланып, жайлы әрі қауіпсіз демалыс орнына айналады.
«Сайран су қоймасының аумағын абаттандыру жобасы-заманауи және жайлы қоғамдық кеңістікті құрудағы маңызды қадам. Біз оны жақын маңдағы аудандар үшін ғана емес, қаланың барлық тұрғындары мен қонақтары үшін де тартымдылық нүктесіне айналдыруға тырысамыз», – деді жобаға жетекшілік ететін Алматы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.
40 жылға жуық жаңғыртылмаған Сайран

Сайран су 1971 жылдан бері жұмыс істейді. Көл маңайы 1988-1989 жылдары абаттандырылған. Ол кезде асфальт жолдар төселіп, көшелерді жарықтандыру орнатылған. Бірақ сол уақыттан бері жағалауға күрделі абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген.
Сайран көлінің күрделі жаңғыртудан өтетіні жөнінде 2024 жылдың басында Алматы әкімі Ерболат Досаев айтқан болатын. Шаһар басшысы Сайран төңірегінде арнайы жабдықталған жағажай аймақтары мен демалыс аймақтары ашылатынын мәлімдеді.
Сонымен бірге Досаев осы көл маңында тұрған Алматы қаласының тарихи мұрасы саналатын Сайран автовокзалын жекенің қолынан мемлекет меншігіне қайтаруға күш салып жатыр.