
Мұнай өнімдерін (бензин, дизель отыны) тасымалдау үшін Шымкент-Алматы құбыры салынуы мүмкін. Бұл жайлы «ҚазМұнайГаз» ҰК басқарма төрағасы Асхат Хасенов Шымкентке барған жұмыс сапары кезінде айтты.
Хасенов Шымкент мұнай өңдеу зауытына (ПҚОП» ЖШС) барып, кәсіпорынның өндірістік нысандарын аралап көрді. Қазір ПҚОП алдына жылдық өңдеу көлемін 6,2 млн тоннаға дейін жеткізу, дизель көбірек өндіру деген міндет қойылған.
Сондай-ақ Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 млн тоннаға дейін кеңейту жобасының қазіргі жағдайы жан-жақты қаралды. Қазір жобаны іске асыруға бағытталған негіздемелік келісімді келісу жүріп жатыр.
«Биыл бірінші тоқсанда да өндіріс оң динамиканы көрсетті: шикізатты өңдеу көлемі 1,51 млн тоннаны құрап, жоспар шамамен 4%-ға асыра орындалды. 2025 жылдың үш айы ішінде жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 81,2%-ға жетті, жоспар бойынша 76,4%. Мұнай өңдеу тереңдігі 87,72% құрады», – деп жазылған хабарламада.
Асхат Хасенов зауыттың өндірісі ғана емес, қауіпсіздік пен экологияны сақтау мәселелерін талқылады.
— Шымкент мұнай өңдеу зауытының тұрақты жұмыс істеуі ішкі нарықты отынмен үздіксіз қамтамасыз етуде аса маңызды. Биыл құрылғанына 40 жыл толған зауыттың алдында өндірістік жоспарды орындау ғана емес, тиімділікті едәуір арттыру, қауіпсіздік пен экологияны сақтаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету міндеті тұр. ПҚОП қуатын кеңейту жобасын тездетіп іске асыру қажеттілігін ерекше атап өтемін. Себебі бұл — еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінің стратегиялық басымдығы, — деді Асхат Хасенов.
Былтыр ПҚОП зауыты 5,74 млн тоннадан астам мұнай өңдеді. Жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі — 78,8% (2023 жылы — 72,2%) және өңдеу тереңдігі — 85,8%-ды (85,5%) құрады.