
2025 жылдың бірінші сәуіріндегі есеп бойынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мен «Самұрық-Қазына» қоры «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» (KEGOC) акционерлік қоғамындағы үлесін көбейткен. Бұл жайлы KASE-де жариялаған хабарламада жазылған.
2025 жылдың бірінші қаңтарындағы жағдай бойынша, «Самұрық-Қазынаға» KEGOC акцияларының 85%-ы, ал БЖЗҚ-ға 6,88%-ы тиесілі еді. 3 айдан кейін жағдай өзгерді. «Самұрық-Қазына» үлесін 85,49%-ға, ал зейнетақы қоры 6,93%-ға арттырған.
Сатып алынған акциялардың нақты құнын есептеу мүмкін емес. Алайда егер мәмілелер нарықтық шарттармен жасалған болса, онда «Самұрық-Қазына» қоры өз үлесін ұлғайту үшін 1,99 миллиардтан 2,06 миллиард теңгеге дейін жұмсаған болуы мүмкін. Бұл сома KEGOC-тың 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы жай акцияларының бағасы диапазонын негізге ала отырып есептелген. Ал БЖЗҚ 206,1 миллионнан 213,7 миллион теңгеге дейін қаржы жұмсаған.
Былтыр KEGOC компаниясының таза пайдасы 59,5 миллиард теңгені құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 37,1%-ға, яғни 16,1 миллиард теңгеге артық.
Биыл наурызда компания электр қуаты тарифтерін тағы өсіретінін хабарлады. Бұған стратегиялық тауарлар құны мен инвестициялық бағдарламалар түзетуі және жұмысшылардың орташа айлық жалақысының өзгерісі себеп болған.