
QazaqGaz компаниясын IPO-ға шығару 2026-2027 жылдарға жоспарланып отыр. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлайды деп жазады Интерфакс Қазақстан.
«QazaqGaz-ды IPO-ға шығару жекешелендіруге жататын активтер тізіміне енгізілген. Алдын ала мерзімі – 2026-2027 жылдар», – деп жазылған компания жауабында.
Ұлттық компанияның түсіндіруінше, IPO-ға шығудың негізгі шарты – газдың көтерме бағасын ырықтандыру. Тарифтік саясат және мониторинг департаментінің директоры Нұрсұлтан Ешмұханның пікірінше, компанияны биржаға шығару туралы «газ нарығы реттеліп», шығынды жапқаннан кейін ғана айтуға болады.
Қазір елдегі ішкі нарықтағы газдың сату бағасы оның өзіндік құнынан төмен.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2025 жылы QazaqGaz акциялары биржаға шығуы мүмкін деп хабарлаған. Бірақ «Самұрық-Қазына» қоры компания құнды қағаздарын ашық нарыққа шығару – мезгілсіз шешім деп мәлімдеген. Осыған байланысты IPO мерзімі кейінге шегерілді.
Биыл QazaqGaz қатарлық инвестормен бірігіп, Қашаған кен орнындағы шикізат базасында газ өңдеу зауыттарын салуды жоспарлап отыр.
QazaqGaz – «Самұрық-Қазына» қорының еншілес компаниясы. Ол магистральдық газ құбырлары мен газ тарату желілері арқылы тауарлық газ тасымалдау, халықаралық транзитті қамтамасыз ету, ішкі және сыртқы нарықтарға газ сату, құбырлар мен газ сақтау қоймаларын жобалау, қаржыландыру, салу және пайдаланумен айналысады.