
Әлеуметтік желілерде еліміздегі ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер Қытайға беріледі деген әңгіме жалған. Ауыл шаруашылық бұл ақпаратты жоққа шығарды деп жазады StopFake.kz сайты.
Желіде тараған жазбаның авторы 2009 жылдан бері Қазақстан мен Қытай арасында жер сату туралы келіссөздер жүргізіліп келеді, ел үкіметі Бейжіңге 1,7 млн гектар жерді беруді жоспарлап отыр деп жазады.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
«Қазақстанның ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қытайға беріп жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл фейк. БАҚ немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске саламыз.Тек ресми дереккөздерге ғана сеніңіз», – деп жазылған ҚР СІМ ресми хабарламасында.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ҚР Жер кодексінің 24-бабына сәйкес, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік немесе жер пайдалану құқығымен иелене алмайды.
«Кодекстің 171-бабына сәйкес, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға жалдау шарттарымен 2016 жылғы 1 шілдеге дейін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне уақытша жер пайдалану құқығы жалдау шартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қолданылады және жаңа мерзімге ұзартылуға жатпайды немесе осы Кодексте көзделген уақытша жер пайдалану құқығын тоқтату үшін өзге де негіздер басталғанға дейін қолданылады», – деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Осыған дейін әлеуметтік желілерде тағы бір жалған ақпарат таралған еді. Әлеуметтік желілерде әскери техника колоннасының видеосы жарияланып, бейнежазба авторы олар Ресейде өтетін парадқа кетіп бара жатыр деп айтқан. Бірақ Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, әскери техника Астанада өтетін парадқа қатысатынын мәлімдеді.