Банк пен қаржы

Solidcore Resources шетел биржасына 300 млн долларға облигация шығармақшы

Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандық алтын өндіруші Solidcore Resources Plc (бұрынғы Polymetal International) 2026 жылдың соңына дейін Қазақстандағы жобаларын дамыту үшін нарықтан кемінде 1 млрд доллар тартуды көздеп отыр. Қазір компания Muscat қор биржасында (Оман) 300 миллион долларға дейін облигациялар орналастыруды да ойластырып жатыр. Бұл жайлы компания басшысы Виталий Несис Reuters-ке берген сұхбатында айтты.

2024 2025 жылдары Solidcore Қазақстанда екі актив сатып алды. Олар Сырымбеттегі игерілмеген қалайы кен орнының 55%-ы және Тоқтар алтын кеніші жобасының 51%-ы. Бұл екі жобаға компания 100 млн доллардан астам қаржы жұмсады.

Компанияның алдын ала бағалауынша, енді бұл жобаларға қосымша 300-350 млн доллар инвестиция қажет: Сырымбеттегі қалайы кен орнына 250 млн доллар, ал геологиялық барлау кезеңіндегі Тоқтар жобасына 50-100 млн доллар шамасында қаржы сұрап отыр.

«2025-2026 жылдары біз кемінде 1 млрд доллар қаржы тартқымыз келеді», – деді Несис.

Оның айтуынша, компанияның негізгі инвестициясы Ертіс гидрометаллургиялық комбинатын (ГМК) салуға бағытталады. Бұл жоба үшін 500-600 млн доллар көлемінде жобалық қаржыландыру тарту көзделіп отыр.

«Сома айтарлықтай ірі – 500-600 млн доллар, әрі мәміле күрделі, себебі актив стандартты емес. Бұл – өндіруші емес, қайта өңдеуші кәсіпорын. Сондықтан келесі жылы біз осы мәмілеге толық назар аударамыз», – деді Несис.

Оның сөзінше, Ертіс ГМК 2028 жылға дейін компанияның басты инвестициялық жобасы болып қала береді. Solidcore жобалық қаржыландыру мәселесі бойынша Еуразиялық даму банкімен (ЕАБР), Еуропа қайта құру және даму банкімен (ЕҚҚДБ) және басқа да даму институттарымен келіссөздер жүргізіп жатыр.

2025 жылдың ақпан айында Solidcore Еуразиялық даму банкімен (ЕАБР) 100 миллион долларға дейінгі жаңартылатын несиелік желі ашу туралы келісімге қол қойды.

Solidcore Resources plc – Қазақстандағы алтын өндіруші компанияның бірі. 2024 жылы кәсіпорын акциясын (23,9%-ын) омандық Maaden International Investment компаниясы сатып алған.

2023 жылы Solidcore Джерси аралынан Қазақстанға көшіп, акцияларының негізгі листингін Лондоннан Қазақстанға ауыстырды. Ал өткен жылдың наурызында АҚШ-тың санкциясына іліккен және компания өндірісінің 70%-ын қамтамасыз етіп келген Ресейдегі активтерін сатып жіберді. Ол активтер компанияға 1,7 миллион унция (алтын баламасында) өндіріс әкеліп отырған еді.

Мәміледен кейін Solidcore Қазақстанда алтын өндірісі бойынша Қазмырыштан кейінгі екінші орында қалды. Компания 2025-2026 жылдары жылына 15 тонна алтын өндіруді жоспарлап отыр.