Жаңалықтар

Қазақ уранына сұраныс артады: Қытай тағы 10 атом реакторын салғалы жатыр

Қытай қазақ уранын сатып алып отыр / фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қытай мемлекеттік кеңесі 27 сәуірде тағы 10 атом реакторын салу жөнінде шешім қабылдады. Бейжің ядролық қазандықтарына қажетті уранды Қазақстаннан сатып алып отыр.

Қытай атом өнеркәсібінде әлемде бірінші болуға ұмтылады

2022 жылдан бері Қытай жылда кем дегенде 10 ядролық реактордан салу жөнінде шешім қабылдап келеді. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, қазір бұл елде 30 атом қазандығының құрылысы жүріп жатыр. Бүкіл әлемдегі реакторлардың жартысы Қытайда орналасқан. 2030 жылға қарай аспан асты елі АҚШ-ты басып озып, әлемде атом энергиясын өндіру жөнінен бірінші орынға шығады.

Қытайдың The Paper басылымы кейінгі 10 реактор құны 200 млрд юань (27 млрд доллар) тұратынын жазды. Олардың төртеуінің құрылысы China General Nuclear Power (CGN) корпорациясына тапсырылды. State Power Investment Corp. пен China Huaneng Group Co. екі реактордан алды.

Дүйсенбі күні Гонконгтағы қаржы биржасында қытай атом компанияларының акциялары бірден 4,1%-ға көтерілді.

Қытай электр энергиясы жөніндегі кеңес мәліметінше, 2025 жылдың аяғында Қытайдың ядролық қуаты 65 гигаватт болады. Ал 2040 жылға қарай елдің атом паркі 200 гигаватқа жетеді.

Қытай бөлінген қаражатты ұқыпты пайдалануға мән береді. Әр атом реакторының құрылысына 2,7 млрд доллар жұмсайды.

Салыстырар болсақ, Ұлыбританияда салынғалы жатқан екі реакторға 47,9 млрд фунт стерлинг (63,7 млрд доллар) бөлінеді. Қазақстан да АЭС салуды көздеп отыр, бірақ оның құны әзірге белгісіз.

Қытайдың Қазақстандағы уран кеніштері

Қытай атом реакторлары көбейген сайын оған қажетті отынға да сұраныс артады. Сол себепті Бейжің қазақ уранын көбірек өндіруге тырысады.

Айта кетейік, жоғарыда сөз болған CGN қытай корпорациясының құрамына кіретін CGN Mining компаниясының Қазақстандағы екі уран кен орнында 49% үлесі бар. Олар: «Семізбай-U» және «Орталық».

«Семізбай-U» бірлескен кәсіпорнына Ақмола облысы Біржан Сал ауданында, сонымен бірге Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Іркөл кеніші кіреді. Қытай олардағы үлесті 2014 жылы 133 млн долларға сатып алған.

«Орталық» бірлескен кәсіпорыны Түркістан облысы Созақ ауданындағы Мыңқұдық және Жалпақ уран кеніштерін өндіреді. Бейжің олардағы үлесті 2021 жылы 435 млн долларға иеленген. Мұнда 33,5 мың тонна уран қоры бар.

Бұған қоса CGN қытай корпорациясы 2024 жылғы желтоқсанда «Заречное», «Хорасан-U» және «Қызылқұм» кәсіпорындарындағы үлесті «Росатомнан» сатып салды. 2025 жылғы 22 қаңтарда «Хорасан-U» кәсіпорыны «Turanium» болып өзгертілді.

Осылайша Қытай 10 жылдың ішінде Қазақстандағы бес ірі уран кәсіпорынының үлесіне ие болған.

2024 жылғы тоғыз айда Қытай Қазақстаннан 540 млрд теңгенің өнімін сатып алды. Бұл «Қазатомөнеркәсіптің» былтырғы экспортының шамамен 50%-на тең. Ұлттық компания 2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында барлығы 1,1 трлн теңгеге уран сатты.

Былтыр Қазақстанда 23 270 тонна уран өндіріліп, 16,6 мың тонна уран шикізаты сатылды.

МАГАТЭ мәліметінше, әлемде шамамен 8 млн тонна уран қоры анықталған, алайда олар ғасыр соңына қарай сарқылады.