Ең бай қалалар қалды: Алматы, Атырау және СҚО-дан басқалары ұстаз ақысын төледі

Kursiv.Media көтерген мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. Апта аяғында елдегі жекеменшік мектептердің дені 2025 жылғы ақпан, наурыз айлары үшін төлемақы алды.
Алайда ең бай қалалардағы ұстаздар айлықсыз отыр: Атырау ақпан, наурыз айларын, ал Алматы қаласы наурыздың қарызын әлі алмады. Бұл екеуінде 150-ге жуық жеке мектеп бар.
Сонымен бірге Солтүстік Қазақстан облысындағы жекеменшік мектептерге де 2025 жылғы ақпан, наурыз айларының төлемақысы түспеген.
Сәуірдің аяқталуына үш күн қалды. Қаржыландыру дұрыс жүрсе, бұл уақытта осы айдың ақшасы төленіп жатуға тиіс.
Ұстаздар мәселесі Астанаға дейін жетті
Естеріңізге сала кетейік, 23 сәуірде Kursiv.Media мемлекет тапсырысын орындаған жекеменшік мектептер 2023-2024 жылдардағы соңғы айдың, сонымен бірге 2025 жылғы ақпан-наурыз айларының ақшасын әлі алмағанын жазды. Бұл туралы басылымға түрлі өңір мен қаладағы ұстаздар, жекеменшік мектептер мүддесін қорғаушы қауымдастық хабарлады.
Ертесіне, 24 сәуірде Оқу-ағарту министрлігі осы мәселеге қатысты мәлімдеме таратты. Алайда ұстаздар қауымы Ғани Бейсембаев басқаратын министрлік мәліметін жоққа шығарып, «қулығын» бірден әшкереледі.
Мәселе парламентке дейін жетіп, ұзақ жылдар бойы білім министрлігін басқарған депутат Асхат Аймағамбетов ұстаздар назына қатысты пікір айтты. «Жағдайдың осылай ушығатынын күткен едік», – деп жазды экс-министр телеграм-арнасына.
Екі күнде ішінара шешілген мәселе
Жекеменшік мектептердегі ұстаздар мәселесіне БАҚ, парламент және министрлік назар аударғаннан кейін ғана жергілікті бюджеттерден қаражат біртіндеп аударыла бастады. Мектептердің көбісіне жұма, 25 сәуірде ақша түсті.
Материал жарияланған уақыттағы мәлімет бойынша, қазір Атырау облысы мен Алматы қаласына ғана қаражат бөлінбеді. Атырау өңірі ақпан мен наурыз айларын, ал Алматы қаласы наурыздың ақшасын әлі күтіп отыр.
Қазақстандағы ең бай өңір мен қаланың мұғалімдер ақшасын неге кешіктіріп отырғаны әзірге белгісіз. Атырау облысы мен Алматы қаласы – республика бюжетінің айтарлықтай көп бөлігін жауып отырған донорлар.
2024-2025 оқу жылы қарсаңындағы мәлімет бойынша, бір ғана Алматы қаласында 122 жекеменшік мектеп бар. Ал Атырау облысында кем дегенде 20 жеке білім беру мекемесі жұмыс істейді. Солтүстік Қазақстанда үш жеке мектеп бала оқытып жатыр.
Атыраудағы мектептердің Жекеменшік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығына берген мәліметінше, өңірдегі мектептер 2025 жылғы қаңтардың ғана ақшасын алған. Ұстаздардың айтуынша, жергілікті билік оларға қаңтар мен ақпан айларының қаражатын «Қаржы орталығына» аудардық деген, бірақ ақша әлі түспеген.
Kursiv.Media Оқу-ағарту министрлігі мен «Қаржы орталығы» АҚ-нан бастап, елдегі бүкіл өңір мен республикалық қалалар басшыларына барлығы eOtinish порталы арқылы барлығы 22 сауалхат жолдады. Алайда дәл қазіргі сәтте Абай облысынан ғана жауап келді.
Абай облысы әкімдігінің жауабы
Берік Уәли басқаратын өңірдің Білім басқармасы Kursiv.Media саулдарына жауап берді. Мемлекеттік мекеме мәліметінше, Абай облысында сегіз жекеменшік орта білім беру ұйымы жұмыс істейді.
«Қаржы орталығы» АҚ жеті жекеменшік мектеппен мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөнінде шарттар жасасты», – деп хабарлайды өңірлік мекеме.
Ал 2024 жылғы қазанда ашылған Bright Futures School мемлекеттен тапсырыс алу үшін құжат рәсімдеп жүр.
Биыл облыс қазынасынан шамамен 185 млн теңге аударылған, бірақ соның бәрі мектептерге әлі жете қоймаған.
«Қаржы орталығы» АҚ ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2025 жылғы 9 сәуірдегі жағдай бойынша алты жеке меншік орта білім беру ұйымының қызметтері үшін жалпы сомасы 111 564 605,34 теңге көлемінде төлем жасалған.
Жалпы алғанда, «Қаржы орталығы» АҚ арқылы «Абай облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі тарапынан 184 827 900 теңге көлемінде қаржыландыру жүргізілді», – деп хабарлайды Абай облысының білім басқармасы.
Мекеме берген мәліметтен жергілікті жекеменшік мектептердің нақты қай айлардың ақысын алғанын түсіну қиын.
Республикада 800-ге жуық жекеменшік мектеп бар болса, олардағы 250 мыңнан аса оқушы мемлекет тапсырысымен білім алады. Жеке білім беру мекемелерінде 20 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді. 2024 жылы мыңдаған баланы жеке мектепте оқыту үшін бюджеттен 161 млрд теңге бөлінген.
Kursiv.Media басқа да өңірлер мен қалалардан, Оқу-ағарту министрлігі мен «Қаржы орталығы» АҚ-дан жауап күтеді.