Әнші Батырхан Шүкеновтің өмірден өткеніне 10 жыл толды

Жарияланды 28 Сәуір 2025 19:24

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media

Бүгін, 28 сәуір Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Батыpхан Шүкеновтің өмірден өткеніне 10 жыл толды. «А ‘ Студио»тобының негізін қалаушылардың бірі және солисті  52 жасында бақилық болған еді.

Батырхан Шүкенов атындағы  қор бұл күнді еске алып,  жазба қалдырды.

«10 жыл өтті. Бұл — мәңгі есте қалатын күн. Бүгін біз тек қана қайғыны емес, сонымен бірге Батырға деген естеліктің арқасында жалғасып жатқан барлық игі істі еске аламыз. Жылы сөздеріңізге, айтылған әндеріңізге, жазған хаттарыңызға, бөліскен әңгімелеріңіз бен суреттеріңізге алғыс айтамыз. Осы 10 жыл ішінде сіздер — тыңдармандар, жазылушылар, жас музыканттар — үлкен тарихтың бір бөлшегіне айналдыңыздар. Сіздер бізді әрі бір-біріңізді шабыттандырып, Батыр бастаған істі жалғастыруға, оның мұрасын сақтап, музыканттарды қолдауға және жаңа есімдер пайда болатын ортаны қалыптастыруға күш беріп келесіздер. Бұл естелік әрдайым жаңғырып тұрсын — ал біз оның ісін әрі қарай жалғастырамыз».

Сондай-ақ, бүгін өнер иелері, тыңдармандар Батырды еске алды. Блогер Глеб Пономарев оның құрметіне әсерлі бейнеролик жариялады.

 «Батырханымыздың жүрегімізде өмір сүріп келе жатқанына 10 жыл болды»,- деп жазды ол.

Әнші Сәкен Майғазиев те марқұмды еске алды.

«Бүгін Батырхан ағамыздың бақилық болғанына тура 10 жыл болыпты. Алла тағала мейіріміне бөлесін. Фирдаус жәннатын нәсіп етсін», – деп жазды әнші. 

Жуырда қазақстандық әнші M’Dee, яғни Мәди Тоқтаров, өзінің жаңа «Алматылық джаз, vol. 3» альбомын таныстырды. Альбом тоғыз тректен тұрады және онда әнші сүйікті қаласына деген сезімін тағы да жеткізеді. Альбомда Батырхан Шүкеновпен бірге жазылған дуэт ерекше орын алады.

Сондай-ақ оқыңыз