Қазақстан туризм үшін ең арзан елдердің бірі деп танылды

Жарияланды 28 Сәуір 2025 20:54

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Қазақстан 2025 жылы саяхаттауға ең арзан елдердің ішінде екінші орынға ие болды / Фото. kursiv.media архиві

Қазақстан 2025 жылы туризм үшін ең қолжетімді елдердің қатарына кірді. Visual Capitalist сайты Budget Your Trip, Kayak.com, Booking.com және HelloSafe туристік платформаларының деректері негізінде жасаған рейтингке сәйкес, Қазақстан 2025 жылы саяхаттауға ең арзан елдердің ішінде екінші орынға ие болды.

Қазақстанда туристің орташа тәуліктік шығыны 19 долларды құрайды. Ең арзан ел — Лаос, мұнда бір күндік демалыс орта есеппен 15 доллар тұрады. Үшінші орында Руанда тұр — туристер үшін күнделікті шығын 21 доллар шамасында.

Фото: visualcapitalist.com

Сонымен қатар ең қолжетімді бағыттар қатарына Гана, Моңғолия, Армения, Буркина-Фасо, Грузия, Мали және Мьянма елдері кірді.

Ал ең қымбат туристік бағыттардың қатарында Барбадос (күндігіне 330 доллар), Антигуа және Барбуда (310 доллар), сондай-ақ Сент-Китс пен Невис (271 доллар) бар. Салыстыру үшін айта кетсек, Мальдив аралдарында бір күндік демалыс орта есеппен 267 долларға түседі.

Айта кетейік, 2024 жылы еліміздегі қонақ үйлер мен басқа да орналастыру орындарының қызметін 9,1 миллионнан астам турист пайдаланған. Осылайша көрсетілген қызмет көлемі 300 млрд теңгеге жеткен. Ал туристер арасында ең танымал аймақ Алматы қаласы болып отыр. 

Сондай-ақ оқыңыз