Жаңалықтар

«Жол жиегінде екі адам жатты»: Шерзат ісінде куәден жауап алынып жатыр

Шерзат ісі жалғасып жатыр-фото: kursiv.media

Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың қазасы бойынша сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.

29 сәуір түстен кейін де куәлерден жауап алынып жатыр. Бірінші болып сот залына Талғат Әшірбаев шақырылды. Ол қайғылы оқиға болған күні сотталушыларды «Эйфория» мейрамханасында көрген. Сотталушы Абзал Шынасыл куә Әшірбаевтың көлігіне отырып, «Қамажай» дүкеніне дейін жетіп алған.

Айтуынша, куә оқиға орнында мылтық көргеннен кейін кетіп қалған.

«Екінші рет айналып келдім. Екі адам жерде жатты. Екеуінің арасы 4-5 қадам. Сол көше қараңғылау. Адамдардың үстіне қарамадым. Тек анасының жылаған даусын, «скорая» дегенін естідім. Бәле-жаладан қашу үшін тоқтамадым. Кейін тоқтағанымда тірі қалар ма деп ойладым», – деді куә Талғат Әшірбаев.

Содан кейін сот залына куә Әділ Тілеубекұлы келді. Ол 2024 жылдың 4 қазанына қараған түні куә Талғат Әшірбаевпен бірге жүрген.

Сот залынан тікелей трансляцияны Жоғарғы соттың YouTube арнасынан көруге болады.

29.04.2025ж. 2-бөлім. Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша ашық сот процесі

Шерзат Полат ісі

Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.

Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ. 

Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды. Сондай-ақ олар өздеріне тағылған айыпты толық мойындамады.

2025 жылдың 18 сәуірінде жәбірленушілерден жауап алынды. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды. Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жанжалдың неден басталғанын айтып берді.   

28 сәуірде іс бойынша шақырылған куәгерлерден жауап алу аяқталды. Олардың арасында оқиға орнында болған екі әйел Эльмира Нұрбекова және Дана Жақсыгелді бар.