Мемлекет сот-медициналық сараптама саласын ұмыт қалдырған

Алматыда «Қазақстандағы азаптауларға қатысты істерде сот-медициналық сараптаманы жетілдіру және оның қылмыстық процестегі рөлі» тақырыбымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шара «Қазақстандағы азаптауларға қарсы күрестегі көпқырлы тәсіл – тұйық шеңберді бұзу» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Жоба жетекшісі Виктор Тен сараптаманың сапасы мен тәуелсіздігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
«Сот-медициналық сараптама – бұл жай ғана техникалық үдеріс емес. Бұл – әділдікті қалпына келтіретін немесе оған кедергі бола алатын маңызды құрал. Сондықтан сарапшылардың тәуелсіздігі мен рәсімдердің ашықтығы реформалардың өзегінде тұруға тиіс», – деді ол.
«Сот-медицина сараптама саласы – ұмыт қалған сала»

Қазақстандағы азаптауға қарсы коалицияның тәуелсіз сарапшысы, ұлттық заңнама және адам құқықтары саласындағы маман Марат Жүсіпов сот-медициналық сараптама саласы ұмытылып кеткен сала екенін айтады. Оның сөзінше, медициналық оқу орындарында аталған пән аптасына бір рет қана, оның өзінде соны таңдаған студенттерге ғана өтетініне назар аударды.
«Бұл кадрларды сапалы дайындауға кедергі келтіреді. Біз курсты міндетті пәндер қатарына қосып, оның мерзімін екі айға дейін созуды ұсынамыз», – деген ол салада қордаланған мәселе жететінін атап өтті.
Сот-медициналық сараптаманы тағайындау мен оны жасаудағы мәселелер
- Сараптама тағайындау туралы қаулы дұрыс рәсімделмейді (сараптама жүргізу туралы құжатты толтырған полицейлер нақты не керегін, неге мән беру қажетін егжей-тегжейлі көрсетпейді);
- Сараптамашыға мәйітке қатысты мән-жайды, оқиғалар желісін баяндамайды;
- Сарапшыға қисынсыз, дұрыс емес сұрақтар қояды;
- Тиісті медициналық құжаттарды толық ұсынбайды (жедел-жәрдем көрсеткен көмек, марқұмның денсаулық жағдай, созылмалы ауруы туралы);
- Ем қабылдап жатқан науқастарға негізсіз сараптама тағайындайды;
- Кешенді сараптама өткізу үшін тар салалардағы медициналық мамандарды тарту алгоритмі оңтайландырылмаған.
Шешімі
- ІІМ немесе Бас прокуратура сот-медициналық сараптаманы тағайындау тәртібі туралы бұйрық әзірлеп, қабылдау керек;
- сот-медициналық сараптаманы тағайындау кезінде біріңғай тәсіл нұсқаулығын әзірлеу қажет.
Кадр тапшылығы мен ескірген материалдық база
Марат Жүсіпов сарапшылар тек қалаларда ғана шоғырланғанын, аудандарда мұндай маман мүлде жоқ екенін жеткізді. Соның салдарынан сараптама тағайындау үшін маманды жүздеген шақырым жерден алдыруға тура келеді. Бұл өз кезегінде тергеудің жеделдігіне әсер етеді. Жастардың салаға барғысы жоқ. Бүгінде сот-медицина сарапшыларының орташа жасы 55-те.
«Материалдық-техникалық база көбіне талапқа сай емес. Сарапшылардың жұмыс орындарын бір стандартқа келтіріп, еңбек жағдайын жақсарту қажет. Зақым мен жасырын жарақатты анықтау үшін 3D сканер жабдықтарды алып, кешенді бағдарламалар әзірлеу керек», – дейді ол.
«Сарапшылар қатты тәуелді»
Адам құқықтары саласындағы тәуелсіз сарапшы Қарлығаш Алатаудың баяндамасын таныстырған «Талдықорған аймақтық әйелдерді қорғау орталығы» ҚБ басшысы Жанар Нұрмұханова да саладағы көптеген түйіткілдерді тізіп берді.

Оның айтуынша, сараптама саласындағы негізгі мәселелерге сарапшылардың тәуелділігі, біліктілігінің төмендігі, жемқорлық тәуекелдері, тағайындау үрдісіндегі қателер жатады.
«Сарапшылар құқыққорғау органдарына қатты тәуелді. Ал жеке сарапшылардың құқығы шектелген. Оларды құқықтық қорғау механизмдері жоқ», – деді сарапшы.
Маман біліктілік мәселесіне оқу бағдарламасының ескіргенін, жаңа бағыттардағы сарапшылардың жеткіліксіздігін, қайта аттестациядан өту мүмкіндігінің жоқтығын атап өтті.
Жемқорлық тәуекелдеріне тергеу ықпалы, қасақана жалған қорытынды шығару, мемлекеттік мекемелердің монополиясы, бақылау механизмдерінің әлсіздігі мәселелері жатады.
«Мәселелерді шешу үшін тәуелсіз сарапшылар агенттігін құру, жеке сарапшыларды қолдау, біліктілікті арттыруға мән беру, жаңа технологиялар мен ЖИ мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынамыз», – деді Жанар Нұрмұханова.
Жиын барысында елде шамамен 120 сот-медициналық сарапшы жетіспейтіні айтылды..