
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әскерде жарақат алып, сал болып қалған Ербаян Мұхтардың денсаулығы туралы айтып берді.
Министрдің сөзінше, Ербаянның жағдайын Денсаулық сақтау министрлігі бақылауда ұстап отыр.
«Ата-анасымен бірер күн бұрын кездестім. Ербаянның жағдайы тұрақты. Оңалту қызметін қосымша алу қажеттілігіне байланысты Ұлттық медициналық орталыққа жатқыздық. Қасында әкесі бар. Бүгінде тиісті емді алып жатыр», – деді министр.
Журналистер Ақмарал Әлназаровадан «Қазақстан медицинасы Ербаянды аяққа тұрғызуға қауқарлы ма» деп сұрады. Бұл сұраққа дәл жауап беру күрделі екенін ұқтырған ол Ербаянның диагнозы қиын екенін жеткізді.
«Бұл жерде жарақаттан бөлек, инфекция болғанын айтып кетуіміз керек. Қазіргі кезде тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Түркияға барып келді. Қажет болса, тиісті көмекті одан әрі Түркияда немесе басқа мемлекетте жалғастыруды ұйымдастыру жұмыстарын ата-анасымен талқыладық. Ол кісілер Қазақстанда тиісті көмек алуға келісімін берді. Алдын ала болжам жасамай, көмекті толыққанды алып жатқанын мәлімдеймін«, – деді ол.
Ербаян Мұхтар Алматыдағы Ұлттық ұланға сап-сау болып барып, сал болып шыққан. Ресми дерек бойынша, ол әжетханада құлап, басын кафельге соғып алған. Бұған Ербаянның ата-анасы сенбейді. Баласы әскердегі әлімжеттіктің құрбаны болды деп санайды. Күллі елді дүрсілкіндірген оқиғаны пайдаланып қалғысы келетіндер де жоқ емес, жуырда алаяқтар Ербаян Мұхтардың еміне деп бөтен шотқа ақша жинағаны анықталған.