Қазақстан 2026-2028 жылдары бюджет шығынын қысқартады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото:

Қазақстанда алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті жоспарлау барысында мемлекеттік шығындарды қысқарту негізгі бағыттардың біріне айналды. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық еткен жиында айтылды.

Министрдің айтуынша, үкімет енді өнімсіз әрі тиімділігі төмен шығындарды барынша азайтуды көздеп отыр. Мұндай шығындарға түрлі семинарлар мен көрмелер ұйымдастыру, кеңесші мамандардың қызметіне ақы төлеу, әкімшілік ғимараттар салу, көлік сатып алу және басқа да күрделі шығындар жатады.

Ұлттық экономика министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, бюджеттегі басқа да шығыс баптарына талдау жүргізіп, үнемдеуге болатын қосымша резервтерді анықтап жатыр.

2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет пен жалпы сипаттағы трансферттер туралы заң жобалары жаңа Бюджет кодексінің талаптарына сай әзірленіп жатыр. Бұл құжаттарды әзірлеу жұмысына орталық мемлекеттік органдар мен өңірлер де тартылған.

Сондай-ақ, бұған дейін жергілікті атқарушы органдарға берілген мақсатты трансферттер қайта қаралып, олардың нақты қандай қажеттіліктерге жұмсалғаны сарапталуда. Бұл ретте, қаржы жергілікті елді мекендерде болуы тиіс әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым стандарттарына сәйкес бағытталуы қажет.

2024 жылы республикалық бюджет кірісі 19,6 трлн теңгені құрады. Соның ішінде салықтық түсімдер 63% үлесін иеленді. Салық жоспардан аз жиналғандықтан, бюджетті толтыру үшін Ұлттық қордан қомақты трансферттер алынды.

Былтыр бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңгеге дейін ұлғайып, 2023 жылғы 2,8 трлн теңге деңгейімен салыстырғанда 30%-ға көбейді.

Сондай-ақ оқыңыз