
Шығыс Қазақстан обылысындағы кен орындары сарқылып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Байбатыров айтты.
Журналистер брифинг барысында «Өскемен маңындағы кен орындарының сарқылуы салдарынан, қаладағы ірі зауыттар алдағы 10-15 жылда жабыла ма» деп сұрады.
Геология комитеті төрағасының орыбасары Марғұлан Байбатыров бұл сұраққа жауап бере отырып, кен орындары сарқылып бара жатқанын растады.
«Расында, Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар кен орындарындағы кен таусылуға жақын. Дегенмен аймақта геологиялық барлау жұмысы қайта жанданды. Осы кен орындарын игеріп жатқан компаниялар іздеу жұмысын жалғастырып жатыр. «Қазақмыс», ERG сынды ірі компаниялар да барлау жұмысына белсенді қатысып жатыр. Дегенмен барлау жұмыстарын ертерек бастау керек еді», – деді комитет өкілі.
Шенеунік бұл кен орындары сарқылса да, қаланың ірі кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ететін басқа да кен орындары бар деп сендірді. Оған қоса моноқалалар жанынан 12 кен орнына барлау жүргізілген. Барлау нәтижесі жаман емес.
Бұған дейін министрлік Қостанай мен Қарағанды өңірінен алтын мен сирек металдар қоры анықталғанын хабарлаған.