Қытайлық компания Павлодар облысында ірі өндірістік кешен салмақ

Қытайлық Xinfa Group компаниясы Павлодар облысында ірі өндірістік кешен салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының басшысы Ержан Елекеев пен қытайлық инвесторлар арасындағы кездесуде айтылды.
Болашақ зауыт тек бір өндіріс емес, бірнеше бағытты қамтиды: көмір, боксит және мыс өндіру, оларды өңдеп, дайын өнім шығару. Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері мен құрылыс материалдарын өндіру жоспарланған.
Жобаға салынатын инвестиция көлемі — 15 млрд доллар, ал өнеркәсіптік кешеннің жалпы аумағы 3 000 гектардан асады. Зауыт іске қосылса 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Xinfa Group өкілдері Қазақстандағы шикізат қорын зерттеп, бұл жобаға сенім білдіріп отыр. Олар құрылысқа дайын екенін жеткізді.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева өңірдің бұл жобаны қолдайтынын және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді.
Ержан Елекеевтің айтуынша, бұл жоба Қазақстанның өндірісін дамытып, экспорт көлемін арттыруға көмектеседі. Тараптар алдағы уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеп, нақты іске кірісуді жоспарлап отыр.
Бұған дейін kursivMedia Түркістанда тоңазытқыш шығаратын зауыт іске қосылғанын жазған.