Банк болуға талпынып жүрген микроқаржы ұйымы капитал көлемін арттырмақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: ашық дереккөз, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Онлайн ҚазФинанс» микроқаржы ұйымы 78 мыңнан аса қарапайым акциясын шығарып, 3,8 млрд теңге қосымша қаржы тартпақ. Бұл акцияларды өз акционерлері басым құқықпен сатып алады. Микроқаржы ұйымы нарықта Solva брендімен танымал.

Қазақстан қор биржасы сайтында жарияланған хабарламаға сәйкес, орналастырылатын бір акцияның құны 48 583 теңгені құрайды. Бұл бағалы қағаздарды акционерлер ұйымдастырылмаған нарықта жазылым арқылы алады.

Solva микроқаржы ұйымы 2023 жылдан бері банк болуға талпынып жүр. Осы мақсатта жарғылық капиталын бірнеше рет ұлғайтты. Алайда 2024 жылдың соңында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі оны банк ретінде тікеуден бас тартты.

«ОнлайнҚазФинанс» – Қазақстандағы банктік емес қаржыландыру нарығындағы кепілсіз қаражат беретін ең ірі микроқаржы ұйымдарының бірі. Ол 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Компания микро, шағын және орта бизнес үшін цифрлық қаржылық шешімдерді ұсынады.

Ұлттық банк дерегі бойынша, микроқаржы ұйымы қазір 129,8 млрд теңге активімен МҚҰ арасында төртінші орында тұр. Несие портфелі 123 млрд теңгеден асады. Міндеттемелері 105,6 млрд теңгені құрайды. 2024 жылы 1,1 млрд теңге таза пайда тапқан.

Қазақстан қор биржасындағы мәліметтерге сай, микроқаржы ұйымының 3 акционері бар: Neo Crystal Holdings, Solva Group және Solva Capital. Neo Crystal Holdings компаниясына 11,99 пайыз акциясы тиесілі болса, Solva Group 12,99 акциясына иелік етеді. Ал Solva Capitalдың меншігіндегі үлес 74,95%-ды құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз