Жаңалықтар

Алматы полициясы мопед пен самокаттарға рейд жүргізіп жатыр

Алматы полициясы самокаттарға рейд жүргізіп жатыр / фото: shutterstock

Алматы қаласында «Құқықтық тәртіп» және «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында мопедтер мен самокаттардың пайдалану ережелерінің сақталуын қадағалауға бағытталған рейдтер белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

Алматы қалалық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, рейдтердің негізгі мақсаты — кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ жүргізуші куәлігінсіз, мемлекеттік нөмірсіз, сақтандырусыз және техникалық байқаудан өтпеген көліктерді жүргізудің жолын кесу.

Статистика бойынша 2025 жылдың басынан бері Алматыда мопедтердің қатысуымен 256 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл оқиғалардың салдарынан 267 адам зардап шекті, өкінішке қарай, екі адам қайтыс болды. Ал самокаттардың қатысуымен 41 жол-көлік оқиғасы болып, нәтижесінде 41 адам жарақат алған.

Полиция департаменті ата-аналарға ерекше үндеу жолдады: балаларға мопед пен самокат жүргізуге рұқсат бермеуді сұрайды. Себебі үлкендердің жауапкершілігі — жас жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігінің басты кепілі.

Самокат мінушілерге арналған айыппұлдар

  • Жолаушылар мен жүк тасымалдау үшін (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 593-бабы) — 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады, бұл 17 250 теңгені құрайды.
  • Жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғаны үшін (620-бап) — ескерту немесе 3 АЕК мөлшерінде, яғни 10 350 теңге айыппұл салынады.

Еске сала кетейік, бұған дейін самокат жүргізушілеріне қойылатын талаптарды жазған едік.