Жаңалықтар

Санкцияның бір ұшы тиді: Solidcore алтын өндірісін 42%-ға қысқартты

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ірі алтын өндіруші Solidcore Resources 2024 жылы алтын өндірісін 42%-ға қысқартқан. Оған себеп – өндіріске қажет концентраттың кешігуі.

Қазақстанда жұмыс істейтін Solidcore Resources компаниясы (бұрынғы атауы — Polymetal) 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 68 мың унция алтын өндірді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 42%-ға аз. Компания мұны Қызыл кен орнынан Ресейге алтын концентратын жеткізудегі уақытша қиындықтармен түсіндіреді.

Қызыл — Solidcore-дың Қазақстандағы негізгі кен орны. Мұндағы алтын концентраты Ресейдегі Амур металлургиялық комбинатына жеткізіледі. Алайда соңғы уақытта бұл зауытта халықаралық санкциялар астында қалып, жұмысы өнбей тұр. Соның кесірінен Кызылда 41 мың унция алтын концентраты өңделмей жиналып қалған.

Компания сату көлемінің төмендегенін де осы уақытша кідірістермен байланыстырып отыр. Алғашқы тоқсанда бар болғаны 38 мың унция сатылып, компанияның табысы 109 млн долларды құрады. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 63%-ға аз.

Жоспар өзгермеген

Компания басшысы Виталий Несистің айтуынша, сатылымның көп бөлігі екінші жартыжылдыққа ауыстырылған. Бірақ жыл соңына дейін барлық жоспар орындалатынына сенімді:

«Сатылымдағы негізгі көлем екінші жартыжылдыққа шегерілді. Мамырдан бастап концентратты жөнелту қайта басталады. Сондықтан жылдық өндірістік жоспарымыз орындалады деп отырмыз», – деді ол.

2025 жылға арналған жоспар мынандай:

  • Жалпы өндіріс: 470 мың унция алтын;
  • Бір унцияға кететін өндірістік шығын (TCC): 1000–1100 доллар;
  • Жалпы шығындар (AISC): 1350–1450 доллар.

Solidcore кімге тиесілі?

Solidcore – Polymetal компаниясының Қазақстандағы мұрагері. Ресейдегі активтерінен бөлінгеннен кейін, компания Қазақстандағы екінші ірі алтын өндірушіге айналды. Оның негізгі иесі – Оман үкіметке тиесілі Mercury Investments International инвестициялық қоры. Бұл қор Solidcore-дың 29,7% акциясына ие.

Компания жақында Қазақстан солтүстігіндегі Тоқтар, Оңтүстік Тоқтар және Барамбай кен орындарын сатып алатынын хабарлады.