
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова оқ тиген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің қазіргі жағдайы туралы айтты.
«Қазіргі жағдайы тұрақты деп бағаланады. Ауруханаға түскен сәтте екі бригаданың хирургтері 4 сағат бойы алғаш көмек көрсетіп, операция жасады. Қазір пациент өзі тұрып, жүре алады. Бірақ ол әлі де дәрігерлердің бақылауында», – деді министр.
Оқиғаның мән жайы
Еске сала кетсек, 21 сәуір күні кешкі уақытта Шымкент әкімдігінің алдында атыс болып, Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің оқ тигені туралы хабар тарады.
Күдікті Ернар Жиембай Берденовке «Сайга12» аңшы мылтығынан 3 рет оқ атқан. Оқ атқан адамның не себепті шенеунікке шабуыл жасалғаны әлі нақтыланбады. Бұған қатысты әлеуметтік желілер мен БАҚ-та түрлі долбарлар мен болжамдар желдей есті. Бірақ артынан Шымкент әкімдігі әлеуметтік желіде айтылып жатқан алып-қашпа әңгімедердің ешқайсысы да шындыққа жанаспайтынын мәдімдеді.
25 сәуір күні Ернар Жиембайдың әкесі мәлімдеме жасап, ұлының жасағаны үшін ата-анасы қатты өкініш білдіретінін, қандай жағдай болмасын бірінші кезекте Руслан Берденовтің амандығын тілеп отырғанын жеткізді.