
Душанбеде өткен Батыс Азия чемпионатында қазақстандық жас шахматшылар 39 медальға ие болды. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
«Душанбеге барған Қазақстанның жас шахматшылары керемет табысқа жетті. 8-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасындағы 2025 жылғы Батыс Азия чемпионатында 39 медаль жеңіп алды! Оның 16-сы алтын, бұл турнирдің үздік нәтижелерінің бірі», – делінген баспасөз хабарламасында.
Федерация мәліметінше, бұл сайысқа 13 елден 391 шахматшы қатысқан. Чемпионатта Қазақстан құрамасы рапид, блиц пен классика ойындары бойынша қатысқан.
Нәтижесінде:
- Рапид: 7 алтын, 3 күміс, 4 қола, барлығы 14 медаль;
- Блиц: 5 алтын, 3 күміс, 1 қола, барлығы 9 медаль;
- Классика: 4 алтын, 3 күміс, 9 қола, барлығы 16 медальға ие болған.
Батыс Азия-2025 чемпионатының жеңімпаздары
Батыс Азия-2025 чемпионатында аталмыш жүлделерді мынадай шахиматышалыр алған.
Рапид бойынша:
- Әдинур Әділбек (O8, Астана)
- Амалия Едрешева (G8, Астана)
- Сымбат Жетпіс (G10, Атырау облысы)
- Нұрасыл Пірімбетов (O12, Астана)
- Алдияр Жауынбай (O14, Астана)
- Әлихан Дәулет (O16, Алматы)
- Әсия Асылхан (G16, Түркістан облысы)
Блиц бойынша:
- Әдинур Әділбек (O8, Астана)
- Амалия Едрешева (G8, Астана)
- Әміржан Әнетов (O10, Астана)
- Мария Холявко (G14, Алматы)
- Мәлика Жаппарбекова (G16, Астана)
Классика ойыны бойынша:
- Әміржан Әнетов (O10, Астана)
- Әлімжан Жауынбай (O12, Астана)
- Мария Холявко (G14, Алматы)
- Сұлтанбейбарыс Думанұлы (O16, Абай облысы)
Бұл ойыншылардың ішінде 7 жасар Әдинұр Әділбек пен 13 жасар Мария Холявко ерекше көзге түсті. Екеуі де бұл сайыста екі алтын және бір қола медальді иеленген. Топтан озып жас шахматшылардың жеңісін Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов та ерекше қабылдады.
«Қазақстан мақтан тұтатын біздің жас таланттарымыз бұл жолы да төбемізді көкке жеткізді! Олардың жеңістері – жай ғана медаль емес. Бұл шахматқа деген зор сүйіспеншіліктің, күнделікті қажырлы еңбектің және өзінің күшіне деген сенімнің жемісі. Осындай әр жетістік барлығымыз бірге Қазақстанның мықты шахмат мектебін құрып жатқанымызды еске салады. Бұның жақсы нәтижесін көріп жатырмыз. Баршамызға осындай зор қуаныш сыйлаған дарынды спортшыларға, олардың ата-аналары мен жаттықтырушыларына рақмет. Осындай бақытты сәттер көбейе беруі үшін жұмысты одан әрі жалғастырамыз!» – деді ол.