Еңбекшіқазақ ауданында екі бала мұғалімнен таяқ жеп ауруханаға түскен

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында екі бала мұғалімнен таяқ жеп ауруханаға түскен. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева өзінің әлеуметтік парақшасында жазды.
Ұстаздар қол көтерген
«Осы айда біз мемлекеттік органдар, Балалар құқықтарын қорғау комитетімен бірге Алматы облысының 7 ауданындағы мектептердегі жағдайға іріктемелі тексеріс жүргіздік. Өкінішке қарай, Алматы облысы Іле ауданында оқушының басқа балаларға қатысты жасаған зорлық-зомбылығы – бұл облыс мектептеріндегі үлкен жүйелі проблеманың бір көрінісі. Облыс оқушыларының арасында анонимді сауалнама жүргіздік, сондай-ақ олардың анкеталарын зерттедік. Нәтижелері бізді селт еткізді», – дейді уәкіл.
Жүргізілген тексеріс барысында Қарасай, Балқаш, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарының мектептерінде балалар арасында ақша бопсалау, тамақ тартып алу, буллинг, зорлық-зомбылық бар екенін анықтаған. Сонымен қатар оқушылар өз қатарластары мен жасы үлкен балалардан ғана емес, сонымен бірге мұғалімдер тарапынан да соққыға ұшырайтынын хабарлаған.
«Еңбекшіқазақ ауданында екі бала мұғалімдердің күш қолдануынан кейін ауруханаға түскен», – деп жазады Зәкиева.
Мектеп пен мұғалімдердің немқұрайдылығы
Балалар қорғаушысы аталмыш аудандардың мектептерінде жоғары сынып оқушыларының кіші сынып оқушыларынан ақша бопсалау фактілері жиі кездесетінін айтқан. Бұл орайда мектеп әкімшілігі мен мұғалімдердің тарапынан мұндай өрескел жағдайларға дұрыс әрекет етпейтіні де айтылады. Мәселен, оқушыларға анонимді Instagram-арнадан кибербуллинг жасалған. Бұл туралы мұғалымдерге хабарланған. Алайда олар ешқандай әрекет етпеген.
«Балалар күзде кемінде 50 оқушы қатысқан жаппай төбелес болғанын айтты, бірақ мектеп бұл фактіні жоққа шығарып отыр, ал полиция мұндай ақпаратқа ие емес екен.
Осылайша, мектептерде оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтарды мектеп басшылығы мен қызметкерлерінің жасыруы, балалармен профилактикалық және жеке жұмыстың жоқтығы байқалады. Мектеп әкімшілігі оқушылар арасындағы жағдайды білмейді немесе елемейді, жасырады және полицияға хабарламайды», – дейді Зәкиева.
Сонымен қатар, Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл облыста тәрбие бағдарламаларын және қабылданған заң нормаларын іске асыру деңгейі төмен екенін айтқан.
Айта кетейік, президент мектепте балалар өздерін қай жағынан да жайлы сезінуі керек екенін айтып, кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасағандарды қатаң жазалауды тапсырған болатын.