Chery, Geely, Haval, Changan: Қытай көліктерінің сапасы cан соқтыра ма

Қытай көліктерінің сапасы туралы жиі сөз болады. Отыз жылда «қытайдікі» деген сөз «сапасыз» дегенді білдіретін сөзге айналғаны белгілі.
Сондықтан бұл сіңісті пікір Қытай көліктеріне қатысты да жиі айтылып жүр.
Бұдан 10-15 жыл бұрын қытай көліктері десе, әлемдік брендтердің «көшірмесі» ретінде қаралатын. Қытайлардың өздері де осы пікірде еді. Отандық көліктеріне мұрын шүйіре қарап, неміс пен жапон көліктерін артық көретін. Нарықтағы соңғы өзгерістер бүгінгі күні жағдай түбегейлі өзгергенін көрсетіп беріп отыр.
Шағым айтқандар жоқ
Chery, Geely, Haval, Changan, Jetour көліктерінің иелері арасында жүргізілген сауалнамада Қытай көліктеріне шағым айтқандар болмады. Керісінше, өзге көліктермен салыстырғанда, көп артықшылықтары бар екенін алға тартып отыр. Көлігі көңілінен шығатынын жасырмады. Әсіресе, қытайлық кроссоверлерге қатысты жылы лебіз жиі айтылады.
«Бұл көлік өзіме қатты ұнайды. Барлық комплектациясы бар. Қозғалыс кезінде қауіпсіздік жан-жақты қамтылған. Жол үстіндегі қауіп-қатерден сақтандырып белгі беріп отырады. Мені қуантатын жері осы. Әзірге ешқандай шағымым жоқ», – дейді алматылық көлік жүргізушісі Раушан Жанарбек.
Батыс бәсекелестерін артта қалдырған қытай көліктері
Қытай автопромы енді тек көшірме емес, толыққанды әлемдік көшбасшыға айналып жатыр. Электромобильдер мен гибридтер нарығында олардың үстемдігі айқын көрініп отыр. Жаңа үлгілері сапа мен технология жағынан еуропалық және жапондық бәсекелестерінен кем түспейді. Қытай көліктерінің сапасына сенімсіздік – кешегі күннің жаңғырығы.
Бүгінде қытай көліктері, атап айтқанда, BYD Tesla секілді америкалық алпауытты шаң қаптырып жатыр. Шведтермен бірлесе отырып шығарылған, таза электрмен жүретін Zeekr және гибрид Lynk&Co-ны жөні бір бөлек.
Еуропа мен Азия нарығында немістер мен жапондарды ығыстыру үстінде.
Демек, бүгінгі Қытай кешегі Қытай емес. Көшірмеден кемелдікке ұмтылысы анық көрініп отыр.
Әлсіз тұстары неде?
Қытай көліктерінің сапасы жөнінде сын айтушылардың өз шындығы бар. Өйткені, қытай көліктері кемшіліктерден ада емес. Әсіресе, арзанқол көліктерде. Мамандардың сөзіне қарағанда, кейбір үлгілерде шанақ металлының жұқалығы шанақтың беріктігіне, дыбыс және жылу ұстауға кедергі. Коррозияға да әлсіз тұсы осыдан шығады.
Десе де, кейбір автосарапшылардың айтуынша, қытай көліктері лотерея билетін еске түсіреді. Бір көлік біреуді сапалы әрі беріктігімен таңдандырса, дәл сол көлік екінші бір адамға зауыттан шыққанда шикілігі бары тап келуі ғажап емес.
Әрине, басты басымдығы – бағасында. Қазақстанда қытай көліктері қымбаттап жатқанына қарамастан, көпшіліктің қалтасы көтеретін көлік ретінде қала бермек.
Көңілден шығатын тұстары
Қызмет көрсету, жөндеу бағасы да батыс көліктерімен салыстырған арзанға түседі. Сонымен қатар, кепілдігі де бар. Жаңа көліктерге 3-7 аралығында.
Қытай көліктерінің көз тартар көркі бар. Дизаин жағынан батыс көліктерінің қолтаңбасы бар екені де аңғарылады. Комлектациясының молдығы, пайдалы опциялары да көптің көңілінен шығып отыр. Қауіпсіздік жастықтары, кілтсіз басқару, рульді және орындықтарды қыздыру жүйелері және панорамалық төбесі басқа да жаңашылдықтары көз сүріндіреді.
Көліктердің сан алуандығы
Баға мен сапа сәйкестігі – қытай көліктерінің қысқа уақыт ішінде әлем нарығын бағындыруда басты көзір болып отырғаны анық. Сонымен қатар, қытай көлік өндірісі клиенттердің талғамы мен қалтасына қарай сан алуан нұсқаларды ұсынады. Қалаға арналған жол талғамайтын көлік Exeed «Қытай лексусы» деп аталып жүр. Jetour спорттық дизайндағы жастарға арналған бренд ретінде мәшһүр. Kaiyi-ді Chery-дің арзан түрі десе де болады.
Luxeed – премиалды және хайтек үлгісі. Huawei компаниясымен бірлесе, серіктесе отырып, жасалып жатыр. Geely Coolray, Atlas және Tugella атты үлгілері танымалдыққа ие болды. Monjaro, Haval, Tank секілді көліктерге қызығатындар көбейді. Бұл Қытай көліктерінің сапасы мен тартымдылығына сын айтатындар әзірге көрінбейді.
Қытай автопромы туралы деректер
Қытайдың сан түрлі көлік шығаратын компаниялары бар. Ең алдымен, мемлекеттік алып компанияларға тоқталған жөн.
FAW (First Automotive Works) премиум Hongqi, орта классты Bestune көліктерін, жүк көліктері Jiefang шығарады. DongFeng болса, Voyah гибридті кроссоверлерімен танымал. Changan-ды қазақстандықтарға таныстыру артық. SAIC Volkswagen және GM компанияларымен бірігіп шығаратын көліктерін айтпағанда, ішкі нарыққа шығаратын Wuling және экспортқа, әсіресе Еуропаға жіберілетін MG брендтері бар.
Сонымен қатар, GAC Group, Tiggo, Exeed, Omoda, Jetour, Jaecoo секілді суббрендтер ұсынатын Chery аймақтық компанияларға жатады. Chery – шетелге көлігін көп сатып жатқан компания. Жартысынан аса көліктерінің 50 пайызы шекара асады. BAIC, JAC компаниялары да осы топта.
Жеке меншікті алпауыттары да бар. BYD, Great Wall Motors осы санатқа жатады. Бір сөзбен айтқанда, сан сапаға ауысып келеді.
Қытай көліктерінің сапасы мен бағасының сәйкес болғандықтан, бұл брендтер еліміздің автонарығында өз орнын алып жатыр.