Атырауда NCOC компаниясының менеджерін пышақтап кеткен

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дерек

Атыраудағы тұрғын үй кешендерінің бірінде әйелді аяусыз өлтіру оқиғасына қатысты жаңа мәліметтер пайда болды. Бұл туралы Қазақстандағы Адам құқықтары бюросы (ҚАҚБ) хабарлады.

Қаза тапқан 46 жастағы Бибігүл Шпанова NCOC компаниясында игеру жоспарлау бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген.

«Алдын ала мәлімет бойынша, марқұмның денесінен пышақ жарақаттары табылған, үйдегі сейф бұзылған. Қаза тапқан әйелдің туыстары әділ әрі бейтарап тергеу жүргізу үшін біздің бюромыздан көмек сұрады», – делінген ҚАҚБ хабарламасында.

Ұйым өкілдерінің айтуынша, Бибігүл Шпанова – еліміздің ірі жобаларының дамуына, соның ішінде Қашаған жобасына да зор үлес қосқан білікті маман болған.

«Сондықтан бұл оқиғаның барлық қырларын жан-жақты зерттеу қажет», – дейді Адам құқықтары бюросы. Олардың пікірінше, қылмыстың кәсіби қызметпен байланысын да тергеу нұсқасы ретінде қарастыру керек. Қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз