Банк пен қаржы

«Бәйтерек» алғаш рет еурооблигация шығарып, 500 млн тартпақшы

Бәйтерек холдингі қызметкерлерінің сыйақысы
Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі доллармен шығарылатын үш жылдық еурооблигацияларға өтінім қабылдауды бастады. Шығарылым көлемі 500 млн долларды құрайды (255,3 млрд теңге). Бұл туралы KASE сайтында жарияланған Halyk Finance хабарламасында жазылған.

Құнды қағаздар KASE және Лондон қор биржасында (LSE) саудаланады. Клирингтік есептер еуропалық Euroclear және Clearstream және америкалық DTC арқылы жүргізіледі. Өтінімнің ең төменгі мөлшері – 200 мың доллар.

Еурооблигациялар кірісі, купон және оны төлем кезеңі, жариялану көлемі әзірге белгісіз. Құнды қағаздар табысы инвесторлар өтінім бергеннен кейінгі нәтижеге қарай анықталады. Жылдық кіріс мөлшері шамамен 6% болады деген болжам бар.

Бұл осы жылдағы «Бәйтерек» облигацияларының төртінші шығарылымы. Бұған дейінгі үшеуі де ұлттық валютада болған. Жалпы жыл басынан бері «Бәйтерек» нарықтан 250,1 млрд теңге қарыз алды. Төртінші шығарылым холдингтің облигациялық қарыз көлемін екі есе көбейтеді.

Осы айдың басында «Бәйтерекке» тиесілі «ҚазАгроФинанс» нарықтан 200 млрд қарыз алған. Компания облигацияларды әрқайсысы 50 млрд теңгеден төрт бірдей шығарылымға бөлуді жоспарлап отыр.

2024 жылы «Бәйтерек» қоры 416 млрд теңге таза пайда тапты. Ал актив көлемі 14,1 трлн теңгеге жетті