Батыс Қазақстанда кен орнына байланысты тұтас ауылды көшірмекші

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ulysmedia.kz

Батыс Қазақстан облысындағы Рожковское мұнайгаз кен орнына жақын орналасқан Петрово ауылының тұрғындары экологияға зиян келіп жатқанын айтып, өз еріктерімен басқа жерге көшу туралы ұсыныс жасаған. Бұл туралы «Мой город» басылымы хабарлады.

Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоғжановтың айтуынша, Петрово ауылы ресми түрде кен орнының санитарлық аумағына кірмейді. Алайда жергілікті билік тұрғындарды көшіру туралы шешім қабылдаған, бірақ бұл үшін әуелі қаржы табу керек. Қаражатты облыстық әкімдіктен сұрамақшы.

«Петровода 16 отбасы тұрады. Олардың бірі — көпбалалы отбасы. Бұл отбасыларды көшіру үшін Январцево ауылынан жаңа үйлер салу қажет. Қазір үйлерді қай жерге саламыз деген мәселе қаралып жатыр. Бұл жұмысқа шамамен 300-350 миллион теңге қажет. Тұрғындар көшу туралы өздері бастама көтерді. Қазір ауылда тек бастауыш мектеп бар», – деді әкім.

Рожковское кен орны Орал қаласынан 75 шақырым солтүстік-шығыс бағытта орналасқан. Бұл кен орнын «Урал Ойл энд Газ» компаниясы игеріп жатыр. Компанияның құрылтайшылары:

  • 50% – Қазақстанның ұлттық мұнай-газ компаниясы «ҚазМұнайГаз»,
  • 27,5% – венгриялық MOL Caspian Oil and Gas Plc.,
  • 22,5% – қытайлық First International Oil Corporation.

Рожковское кен орны 2023 жылдың желтоқсанында іске қосылған. Алғашқы 4,2 мың тонна газ конденсаты 2024 жылдың қаңтарында экспортқа жіберілген. Өнімнің бір бөлігі «Жайықмұнай» компаниясының газ өңдеу зауытына жөнелтіліп, өңделгеннен кейін отандық нарыққа барады.

Сондай-ақ оқыңыз