Жаңалықтар

Баж салығына байланысты Қазақстан мен АҚШ келіссөздер бастады

Фото:shutterstock

Қазақстан үкіметі баж салығының көтерілуіне байланысты АҚШ-пен келіссөздер жүргізуді бастады. Бұл жайлы Сауда және интеграция министрлігіндегі сыртқы сауда департаменті директорының орынбасары Серік Әшітов айтты.

«Бүгінгі күні Қазақстанға қатысты тарифтерді көтермеу үшін ел үкіметі Америка Құрама Штаттарымен консультация бастады. Салдарын барынша азайту үшін бұл мәселені Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты халықаралық алаңда да көтеріледі», – деді ол баспасөз мәслихатында.

«Интерфакс-Қазақстанның» жазуынша, министрлік өкілдері Қазақстан мен АҚШ елшілерінің деңгейінде консультациялар басталғанын растаған. Қазір Сауда министрлігі мүдделес мемлекеттік ұйымдармен бірге келіссөздер бастауға дайындалып жатыр. Дегенмен Серік Әшітовтың сөзінше, салықтың көтерілуі Қазақстан экспортына айтарлықтай әсер етеді деуге негіз жоқ.

«Бірақ оған қарамастан сауда және интеграция министрлігі мен үкімет ол шаралардың салдарын азайтып, сауда қарым-қатынасын нығайту үшін америкалық әріптестерімізбен бірге жұмысты жалғастыра береміз», – деп атап өтті.

Келіссөздерге не себеп болып отыр?

Еске сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп серіктес елдерден келетін тауарларға салықты көтерді. Оның ішінде Қазақстанға баж салығын 27%-ға дейін көтерді. Қосымша салық фосфор, феросилиций, линзалар, бидай глютені, аммоний нитраты секілді тауарларға салынады.

Бірақ Үкімет бұл өзгеріс екі ел арасындағы сауда байланысына айтарлықтай әсер етпейді деп сендірді.

«Енгізілген тариф шаралары Қазақстанның АҚШ-қа экспортының жалпы көлемінің бар болғаны 4,8%-на ғана тиесілі болады», — деп есептейді Қазақстан билігі.

 Кейін сенат кулуарында Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова Қазақстан жауап ретінде АҚШ-қа баж салығын көтермейтінін айтты.

«Қазақстанның импорттық кедендік баж салығын біржақты өзгертуі мүмкін емес, өйткені біз Еуразиялық экономикалық одаққа кіреміз. Біздің белгілі бір міндеттемелеріміз бар және бес мемлекетке ортақ кедендік тариф қолданылады. Яғни, егер қандай да бір баж салығы өзгеретін болса, ол бес елдің бірлескен шешімімен ғана жүзеге асады. Қазіргі таңда мұндай мәселе қарастырылып жатқан жоқ», – деді Күшікова