Бір отар қойды бір минутта дронмен жинаған жігіт танымал болды (видео)

Әлеуметтік желілерде дронмен қойларды бір минутта жинаған ерекше видео үлкен танымалдыққа ие болды. Видеоны 400 мыңнан астам адам көрген.
Бейнероликтің авторы – Түркістан қаласының 28 жастағы тұрғыны Бақыт Қаныбек. Ол видеоны 21 сәуір күні Түркістан облысы Байдібек ауданының Шалдар ауылында түсірген.
«Мен Сербияда қола жүлде алған жас балуан туралы деректі фильм түсіруге барған едім. Ауылда қосымша кадрлар жинап жүргенде жайылып жүрген қойларды көріп қалдым. Бір-екі кадр түсірмек болып, дронды ұшырған едім. Бірнеше рет дронмен ұшып өткен соң, қойлар бір-біріне жақындай бастап, шоғырланып қалды. Бұл мені қатты таңғалдырды», – дейді Бақыт.
Видео ешқандай дайындықсыз, кездейсоқ түсірілген. Бірақ дәл осы ерекше сәт оны танымал етіп жіберді.
Желі қолданушыларының біразы бұл жұмыс түріне қызығушылық танытып, пікірлер қалдырған:
«Осындай жұмысқа вакансия шықса, айтыңыздаршы! Таза ауада жұмыс істегім келеді!» – деп әзілдеген комментаторлардың бірі.
Бақыт Қаныбек бұл видеоны осыншалықты көп адам көріп, талқылайды деп күтпеген:
«Бұл – менің жеке парақшамда ең көп қаралым жинаған алғашқы видеом. Өзім де бұлай қызықты шығатынын білмедім. Енді Қазақстандағы ауыл өмірі туралы осындай қысқа видеоларды жиі жариялағым келеді», – дейді ол.
Дрон тек қой бағуға ғана емес саяхаттағанда да нағыз таптырмас гаджет. Ол смартфонның қолынан келмейтін талай функцияны атқарады. Толығырақ мына материалдан оқуға болады.