
Кореяда заңсыз мигрант ретінде жүрген ең көп халықтың бірі – қазақстандықтар екен. 2023 жылғы есеп бойынша, Кореяда жеті мың жерлесіміз болған. Қазақтар Кореяда миллиондап ақша табатын жұмысқа қызығады. Екі-үш жыл істеп, бүкіл несиемді жауып, үй мен көлік алсам деп армандайды. Ол мүмкін бе? Миллион табатын жұмыстың ауырлығы қандай? Екі жарым жылдан бері Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақ жігіті Әлимен тілдесіп көрдік.
Кореяға бару үшін кемінде миллион керек
Әли 2023 жылы Кореяға аттанған. Елде ата-анасы, келіншегі және қырқынан жаңа шыққан қызы қалды. Шетелдегі жұмыс жайлы досынан естиді. Екеуі құжат жинап, оның электронды нұсқасын K-ETA деген платформаға жүктейді. Қызығы, ұсыныс айтқан досының құжаттары өтпей, Әлиді қабылдайды. Бірақ ол Кореяда жұмыс істеуге болады деген сөз емес, тек ұшаққа отыруға ғана берілген рұқсат. Сол елге барған соң, қайтарып жіберуі де мүмкін.
«Соған қарамастан жолға дайындалдым. Барып-қайту билетін шамамен 650 мың теңгеге алдым. Жұмыс істеп қалмайтыныңызды, турист ретінде бара жатқаныңызды көрсету үшін қайту билетін де алу қажет. Виза алуға көмектесетін, кеденнен өткізетін адамның қызметіне 500 мың теңге төледім. Бастапқы күндердегі қажеттілікке деп тағы 1000 доллар (үш жыл бұрынғы курспен 500 мың). Бас-аяғы 1,5 млн-дай қаражат кетті», – дейді Әли.
Кореяға барған соң, Пусанның батысынан 40 шақырым жерде орналасқан Чханвон деген қалаға тұрақтайды. Сол жақта жүрген қазақ жігіттерінің көмегімен жұмыс табады. Өзгелермен бірге құрылысшы болып істейді, үй салады. Ауыр, қара жұмыс.
«Үй салғанда пайдаланатын үлкен цементтің жан-жағынан ұстап тұратын темірлер болады. Салмағы 25-30 келі. Сол темірлерді әрі-бері тасимыз, бір жерге жинаймыз. Оны өзінің арнайы лақтыру тәсілі бар . Кейде ағаш жинаймыз. Қысқасы, құрылысқа қатысты қандай ауыр жұмыс бар, соның бәрін істейміз. Бірақ олардың өзі жеңілдеу деп саналады, менен де ауыр жұмыс істегендер бар», – деп түсіндіреді Әли.
Кореядағы еңбектің Қазақстаннан үлкен айырмашылығы – жұмыс режимі. Таңертең жетіде басталып, сағат 15:45-ке дейін жалғасады. 11:30-12:30 аралығында түскі ас беріледі. Жұмыс арасында «чан» деген тағы бір үзіліс бар. Әр екі-үш сағат сайын болатын жарты сағаттық демалыс. Мәселен, таңғы жетіде жұмыс басталса, тоғыз жарымда «чан» болады. Жұмысшыларға шәй-кофе, тіскебасар береді. Түс қайта екі жарымда тағы бір чан. Кейде шырын, печенье береді. Чан Кореядағы кез келген жұмысында болатын дәстүр.
Әли жұмыс істеген құрылыс нысанында 300-ге жуық адам істесе, соның жиырма шақтысы қазақ болған. Күніне еңбекақы – 100 доллар. Чханвоннан кейін Пхёнтхэк деген қалаға ауысып, цемент шығаратын зауытқа кіреді. 40-60 метр биіктіктегі құбырларға шығып, қабырғаларды теседі. Тағы да ауыр әрі қауіпті жұмыс.
«Кейде кесектер бөлініп кетеді. Ол басқа тисе жеңілдеу, каска бар. Арқаға, белге, аяққа тигенде, қатты ауырады. Көп жігіттер сол құбырда жұмыс істеп жүріп жарақаттанып қалдым. Мен қолымды сындырдым», – дейді Әли.
Жұмыста қолы сынған соң, кәрістер өзі ауруханаға апарып, толық шығынын өтеген. Бірақ Әлиден арыз жазбауын сұрайды. Себебі заңсыз жүрген азаматты қабылдағаны үшін жұмыс беруші де күйеді. «Ешкімге кесірімді тигізгім келмегендіктен арыз жазбадым», – дейді кейіпкеріміз.
Ол Кореяға турист ретінде барып, ары қарай заңсыз қалып қойған мигрант. Заңсыз жүргендіктен өзі де ешкімге шағымдана алмайды. Сол үшін еңбекақысын бермей, айлықтан алдап қалған кездері де болған.
«Бір жұмыстан үш күнге түскен 220 мың теңгемді бермей қойды. Тәулігіне шамаман 75 мыңдай шыққан еді. Бірақ менің жоғалтқаным бер жағы, айына тапқан 1 млн теңге жалақысын ала алмай қалған жігіттер де бар. Ол үшін ешкімге шағымдана алмайсыз. Заңсыз жүрген соң үндемей көнеміз», – дейді Әли.

Кореяда көлік сатамын деп 700 миллионға алданғандар бар
Қолы сынып, ауруханада жатып шыққан соң , «қайтіп қара жұмысқа жақындамаймын» деп шешеді. Көлік сатумен айналыспақшы болып, Инчхон қаласына барады. Ол халық саны жөнінен Сеул мен Пусаннан кейін үшінші орында тұр. Елдің ең маңызды көлік тораптарының бірі. Кореяда көлік сатып, басқа елге жіберемін деген адамның барлығы міндетті түрде осы қалаға келеді.
Машинаны тікелей Кореядан алсаңыз әлдеқайда тиімді. Оны кәсіпке айналдырған қазақстандықтар да бар. Жылы жаңа, сапалы көлікті арзан бағаға табуға болады. Бірақ жеткізу және кеден рәсімдеу үшін қосымша ақы қосылатынын ұмытпау керек.
«Қазақстанда 15 млн теңге тұратын көлікті Кореяда 5 млн теңгеге табасыз. Үш есе аз, бірақ жол мен кедендегі төлем деген дүниелерді ұмытпау керек. Кореядан Қазақстанға жеткізу үшін 1 млн теңге төлейміз. Елге барған соң, құжатына тағы 5 млн теңге сұрайды. Сонда 5 млн көлігі Қазақстанға келгенде 11 млн теңгеге айналады. Бағасы елдегі нарықтан арзандау болғандықтан, бәрібір кореялық көліктерді таңдайды. Сұраныс көп. Құжатын алуды сәл арзандатса, онда барлық қазақстандық кореялық жаңа машина мініп жүретін шығар», – дейді Әли.
Бәзбіреулер үшін Кореядан көлік жіберу жеңіл жұмыс, ақшаның көзі сияқты көрінер, бірақ үлкен тәуекелі бар. Көлік – аманат, оны қақпай-соқпай иесіне табыстау керек. Бірақ кейде контейнер ішінде шайқалып, машиналар бір-біріне тиіп, сырылуы мүмкін. Ондай жағдайда жіберуші тарап жөндеуін өзі төлеп береді.
Тағы бір тәуекел тұсы – алданып қалу. Кейде кәрістер көлікті көрсетпес бұрын, шын алатыныңыздың кепілдігі ретінде алдын-ала 3-4 млн теңге сұрайды. Бірақ соңында көлік те жоқ, дилер де жоқ, ақша да жоқ болып шығатын жағдай кездеседі. Көлікті әкеліп беремін деген адамда, ақшаңызды алып, телефонды өшіріп, үн-түнсіз жоқ болып кетеді.
«Мен көпшілікке жақсы өтетін Hyundai Elantra, Hyundai Santa Fe тәрізді көліктер саудалаймын. Кейбір жігіттер гелендваген, ламборгини сиқты эксклюзив, люкс көліктер жібереді. Оның бағасы қымбат, тиісінше, тәуекел де тым жоғары. Сондай таныс жігіттер арасында 600-700 млн теңгеге дейін алданып қалғандар болды», – деді Әли телефон әңгімесінде.
Ол Кореяда заңсыз жүргендіктен, жүргізуші куәлігі де жоқ. Виза алып, ресми жүрген достарының куәлігін пайдаланады. Полиция қай жерде тоқтатады, сол жерде депортация болады. Тәуекел етеді, басқа амалы жоқ.
«Жан-жағымыздан қоршап, ішке басып кіреді»
2024 жылы Корея Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдер арасында мигранттар саны көбейген елдер тізіміне кірді. Жыл сайын үкіметі заңсыз жүргендермен күресті күшейтіп жатыр.
«Былтыр Кореядағы мигранттарды ерекше тексерді. Білетіндер Корея тарихында болмаған тексеру екенін айтты. Ол тексеріс те лоторея сияқты. Кейде сені айналып өтеді, кейді үстіңнен түседі. Екі рет полицияға ұсталып қала жаздап, қашып кетіп құтылдым. Бір рет 4 қабаттан секіріп қашқанмын», – дейді Әли.
Кореяда орыс тілділер тұратын шағын аудандар бар. Қазақ, орыс, өзбек, тәжіктер тұрады. Сол маңайда тексерістер жиі болады екен. Полиция жай ғана көшеде кетіп бара жатқан адамнан құжат сұрай салуы мүмкін. Қашып үлгергендер құтылады, ұсталған депортацияға кетеді.
«Тіпті біздің тамақ ішетін дәстүрлі асханаларымызды да жатқа біледі. Патрульдер сыртынан қоршап, ішіне кіріп барады. Солай көп адам ұсталып, бірінші рейспен Қазақстанға жіберілген», – деп түсіндіреді кейіпкеріміз.
Кореяға келіп отбасынан айырылып жатқандар да бар
Әли Кореядағы екі жарым жыл ішінде кәріс тілін де үйренді, өмір салтына да бейімделді. Олар өте жылы, ілтипатты халық деп сипаттайды. Көшеде кетіп бара жатқанда бірнәрсе сұрасаңыз, жан-тәнін салып көметеседі. Уақыты болса, өзі жетектеп ертіп апарады. Діни ұстанымдары, нәсіліне қарай бөлу жоқ. Барлығына бейтарап қарайды.
«Өзгені сыртынан келемеждеп, күлгенін байқамадым. Тіпті бір-бірінің бетіне тіке қарамайды. Бір кәрістің бетіне сәл ұзақ қарап қалсаңыз, «мынау мені аңдып жүр ме деп» күдіктеніп кетуі мүмкін. Халқы өте кішіпейіл, сыйластыққа ерекше маңыз береді. Алдына келіп бір рет еңкейгенге екі рет иілетін халық», – деп риза болады жас жігіт.
Әли тәрізді Кореяда нәпақа тауып жүргендер көп. Өкінішке орай, ақша табамыз деп келген жастардың арасында отбасынан айырылып жатқандар да бар екен.
«Кореяға нәпақа табамын деп келген таныстарымның арасында ажырасу жиі кездеседі. Ол рас. Ұзақ уақыт екі жақта жүріп, араларында ұрыс-керіс жиілеп, ажырасып кеткендер өте көп. Менің де келіншегімнің ренжитін кезі болатын шығар. Бірақ бетіме айтқан емес. Екі жарым жыл некемізді құрбан еткенде, оның орнына басқа дүние алып жатқанын түсінеді. Күйеуімді алысқа қидым, орнына кішігірім армандарымыз орындалып жатыр деп қабылдайды. Елден кететін кезде ата-анам да, келіншегім де ақ батасын беріп шығарып салды. Барынша қолдап отыр, осының өзі үлкен көмек», – деп ағынан жарылады кейіпкеріміз.
Әли осы жылы жазда қайтамын деп жоспарлап отыр. Ол елден кеткенде қызы қырқынан енді шыққан еді, қазір 2,5 жаста. Қазақстанда орындалуы өте ұзақ тіпті мүмкін емес деген армандарыма Кореяда жүріп қол жеткізгенін айтады. Жаңа үй алып, ішіне жөндеу жүргізіп жатыр. «Бірақ барлығы бірдей Кореяға барып байып кетем деген арманға сене бермесін», – дейді ол.
«Осы мақаланы оқып, Кореяға барып жұмыс істеп, екі жылда үй алам, машина ала саламын деп ойлап қалатын шығар. Шын мәнінде, екі жарым жыл аз уақыт, өте аз. Айына 1 млн тапсаңыз, оның жартысы шығын. Себебі, Корея өте қымбат ел. Бір бөлке нан 4000 мың теңге тұрады. Енді ойлай беріңіз. Қазақстаннан үй мен машина алатындай жағдайға жету үшін кемінде 5-6 жыл керек. Мен Кореядан бөлек қосымша Қазақстанда да жұмыстарым болып, бар тапқанымның басын құрап, үй ала алдым. Сонда да, айтайын, екі жарым жылға Кореяға келіп, бәрін төңкеріп, үй ала қаламын деген нәрсе жоқ. Сабыр керек, ауыр жұмысқа төзетін шыдам керек. Бұл оңай емес», – деп түсіндіреді Әли.