«Кропоткинская» мұнай айдау станциясы 20 мамырдан кейін іске қосылады

Каспий Құбыры Консорциумына тиесілі (КҚК) «Кропоткинская» мұнай айдау станциясы 20 мамырдан кейін толығымен іске қосылады. КҚК директоры Николай Горбань осылай айтты деп жазады мұнай-газ сарапшысы Олег Червинский өзінің телеграм-арнасында.
Горбаньның сөзінше, қазір негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған.
«20 мамырда бізде жоспарлы үзіліс болады. Содан кейін станция толық көлемде жұмысын бастайды», – деді ол.
Станцияны қалпына келтіру кезінде негізінен ресейлік құрылғылар мен материалдар пайдаланылған екен.
Еске сала кетейік, КҚК-ға тиесілі «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына 17 ақпанда бірнеше дрон шабуылдаған еді. Консорциумның акционерінің бірі, «Транснефть» компаниясы, жөндеу жұмыстарына байланысты Қазақстаннан КҚК арқылы мұнай айдау көлемі шамамен 30%-ға азайғанын хабарлады. Шығынның орнын толтыру үшін екі ай қажет болады деген.
«Кропоткинская» станциясы қазақстандық мұнай экспорты үшін өте маңызды, ол арқылы елден тасымалданатын мұнайдың 80%-ы өтеді.