Мұнай компанияларына экология үшін 61,1 млрд теңге айыппұл салынды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Экология және табиғи ресурстар министрлігі елдегі ірі мұнай компанияларына айыппұл салды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттар сауалына берген жауабында жазылған.

2022–2024 жылдары экологиялық заңбұзушылықтары үшін «Теңізшевройл», North Caspian Operating Company N.V. (NCOC), «Каспий Мұнай» және «Маңғыстаумұнайгаз» компанияларына 61,1 млрд теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Оның ішінде «Теңізшевройл» компаниясынан 2,8 млрд теңгеден астам, NCOC-тан 12,4 млрд теңге көлемінде айыппұл өндірілді. 2023 жылы «Каспий Мұнай» АҚ 13,7 млрд теңгеге, ал «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 32,2 млрд теңгеге жауапкершілікке тартылған.

«Каспий теңізі шельфінде жұмыс істейтін барлық кен орнын пайдаланушылар, соның ішінде Өнімді бөлу туралы келісімге (ӨБК) қатысушылар да Қазақстанның экологиялық заңнамасына бағынуы тиіс. Мысалы, 1997 жылғы 18 қарашада жасалған Солтүстік Каспий жобасы және 1993 жылғы 2 сәуірдегі Теңіз жобасы бойынша келісімдерде экологиялық жеңілдіктер қарастырылмаған. Бұл жобалар бойынша мердігерлер мен операторлар қоршаған ортаны қорғау саласындағы заң талаптарын сақтауы тиіс», – деп жазылған премьер-министр жауабында.

Олжас Бектеновтің айтуынша, Үкімет экологиялық заңнаманы жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Мақсат – экономикалық даму мен қоршаған ортаны қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Егер кәсіпорындар бұл талаптарды орындамаса, айыппұлдар салынып, эмиссияларға төлем мөлшерлемелері 2, 4 немесе 8 есеге дейін артады. Ластаушы заттар шегінен асып кеткен жағдайда жауапкершілік күшейтіледі.

Осыған дейін Зерттеуші журналистердің халықаралық консорциумы (ICIJҚазақстан үкіметі мен  Қашаған мұнай-газ кен орнын өндіретін North Caspian Operating Company (NCOC) арасындағы дау жайлы зерттеу жариялады. Ел үкіметі шетелдік мұнай компаниялар тобы табыстың 98%-ын өзіне қалдырып отыр деп есептейді. Енді халықаралық арбитраж арқылы осы жағдайды өзгертуге тырысып жатыр. 

«Қазақстан NCOC басшылығын миллиардтаған шығынға ұшыратты деп айыптап отыр. Бұл шығындар – түспеген табыс, жемқорлық және экологиялық заңбұзушылықтармен байланысты», – деп жазылған материалда.

Сондай-ақ оқыңыз