Мемлекеттік құрылыс жобаларын бір порталға жинап, бақылап отырады

Енді елімізде кез келген құрылыс жобасының қалай басталып, қалай аяқталып жатқанын онлайн бақылауға болады. Ол үшін Құрылыс бойынша бірыңғай портал жасалып жатыр. Бұл туралы Индустрия және құрылыс вице-министрі Қуаныш Кажкенов үкімет отырысында айтты.
Қуаныш Қажкеновтың сөзінше, жоба Қазақстандағы 89 қалада жүріп жатқан құрылыс жобаларын қамтиды. Қазірдің өзінде жүйеде еліміздегі инженерлік инфрақұрылымның 92,4%-ы туралы ақпарат бар (мысалы, су құбыры, электр желілері т.б.).
Платформа «бір терезе» тәртібімен жұмыс істейді ,яғни, барлығы бір жүйеде болады. Құрылыс саласындағы барлық құжаттар мен жұмыстар бір жерге жинақталады.
Әр құрылыс нысанына бірегей нөмір беріледі. Сол арқылы құжаттардың шынайылығы тексеріліп отырады. Жоба қағазда қалай жазылса, нақты өмірде де солай орындалуы қажет.
Вице-министр құрылыстың бас жоспарын ЖИ арқылы бақылап отыратын жаңа жоба туралы да айтты. Ол қазір сынақтан өткізіп жатыр. Жоба бойынша, дрондар елді мекендерді жоғарыдан түсіріп шығады. Арнайы бағдарлама бұл суреттерді бұрын бекітілген жоспарлармен салыстырады.
Егер айырмашылық болса (мысалы, жоспардан тыс үй салынып кетсе), жүйе автоматты түрде ескерту жасап, мемлекеттік құрылыс бақылау органдарына хабарлайды.
Ал мемлекеттік құрылыс жобаларының барлығы E-Qurylys жүйесіне жиналады. Бұл нарық қатысушылары үшін ортақ арнайы платформа болмақ. Бұл жүйе арқылы:
- Құжаттар мен есептер онлайн жүргізіледі,
- Техникалық қадағалау жасалады,
- Жобалардың сапасы алдын ала тексеріледі,
- Құрылыс саласында жұмыс істейтін мамандардың тізімі мен құжаттары тіркеледі.
Мемлекет қаржыландыратын барлық құрылыс жобалары сол жүйені пайдалануы керек.