Жаңалықтар

Премьерді пысқырмайды: Kinopark белгілеген бағаны кинодағылар сынады

Қазақстандағы кинотеатрлардың жартысы Kinopark Group компаниясына тиесілі / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Елде ең ірі кинотеатрлар желісіне ие Kinopark Group жарнама бағасын жаңартты. Компания Kinopark және Kinoplexx кинотеатрларында көрсетілетін 300 млн теңгенің жарнама пакетін дайындады. Киноөндірушілер наразы.

Шамамен 300 млн теңге тұратын жарнама пакеті

Kinopark Group жарнама бағасын 2025 жылғы 22 сәуірде жаңартты. Kursiv.Media редакциясы құжатпен танысып шықты. Жаңа баға ұсынысына сәйкес, компания 11 қаладағы 148 кинозалда сеанс басталар алдын көрсетілетін бір айлық жарнама ақысын 296 млн 380 мың теңгеге бағалады. Бұл бағаға фильмдер премьерасын өткізу кірмейді. Оған бөлек төлеу керек.

Салыстырар болсақ, 2024 жылғы жазда 20 млн теңгеге бір айлық жарнама алып, бұған қоса Астана, Алматы және Шымкент қалаларында фильмнің премьерасын өткізуге болар еді.

Тағы бір маңызды жайт, компания жарнамаға ақша төлемейтін өндірушілердің фильмдерін өз киножелісінде көрсетпейтінін ескертті.

«Kinopark Group компаниясы жарнама бюджетінсіз фильмдерді релиздер кестесіне қабылдамайды. Көп жылдық тәжірибеге сүйене отырып айтсақ, промоушнсыз релиздер сәтсіздікке ұшырайды, залдар бос тұрады. Ол прокат уақытын жеп қана қоймай, нысандардың шаруашылық қызметіне экономикалық нұқсан келтіреді», – деп түсіндірді компания.

Бұл ретте Kinopark Group АҚШ, Ресей, Қытай секілді елдерде фильм бюджетінің кем дегенде 50 пайызы өнімді жарнамалауға кететінін ескеріп, «бюджет фильмінің 20%-нан аспайтын баға ұсынысын дайындағанын» мәлімдеді.

Компания өкілі жаңартылған баға ұсынысын Kursiv.Media-ға растады. Басылым тілшісі шамамен 300 млн теңгенің жарнама пакеті туралы түсіндіруді Kinopark желілері PR-директоры Ерлан Бұхарбаевтан сұрады. Kursiv.Media жауап күтеді.

Монополист әрекеті заңсыз

Отандық киноөндірушілер Қазақстандағы кинотеатрлардың жартысына иелік ететін компаниясының баға саясатын сынап отыр.

«Заңсыздық. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Мемлекеттік кірістер департаменті қайда қарап отырғанын білмеймін. Бәріне баяғыда-ақ түсінікті болуы тиіс еді. Олар бағаны фильмдерді насихаттау үшін емес, нарықты жабу үшін қайта-қайта көтеріп жатыр. Бір жылдан соң 1 млрд деп белгілеуі де ғажап емес.

Өздері түсірген фильмдерді ғана көрсетіп, қалған бәсекелестерін нарықтан шығарып тастай салады. Киноөндірушілердің құқығы осылай тапталып отыр. Нарықтың жартысын басып алған монополист болған соң, осындай ақылға қонымсыз талаптар қояды», – деді Қазақстан киноматографистері лигасының төрағасы Айдар Баталов.

Бектеновке құлақ аспады

Оның пікірінше, 300 млн теңгеге ауқымды республикалық жарнама науқанын жүргізуге болады. Дегенмен Баталов отандық киноөндірушілерге Kinopark желісі керек екенін айтып отыр.

Олардан бас тартсаңыз, кинопрокатта қомақты ақша жинай алмайсыз. Ең жаманы, басқалары да Kinopark-қа қарап, бағаны көтеріп жібере ма деп қауіптенемін», – дейді Лига басшысы.

Сол себепті Баталов басқа да киноөндірушілерге бірігіп, қоғамдық ұйымдарға топтасып, өз құқығы үшін күресуге кеңес берді.

«Киножелілер премьер-министрдің «е-кино» жүйесін енгізу туралы бастамасын елемей отыр. Қалыптасқан жағдай мен осы хаттан кейін, салық органдары Kinopark-қа назар аударуы керек», – деп түйіндеді Баталов.

Естеріңізге сала кетейік, Үкімет басшысы Олжас Бектенов 2025 жылғы 18 наурыздағы үкімет отырысында шұғыл түрде «е-кино» платформасын енгізуді ұсынған.

«Қазір фильм көрсетуден түсетін пайданың көп бөлігі кинотеатрлар қожайындарының қалтасында қалып қояды. Сондықтан өндіруші мен киноөнімді көрсетуші мүдделері арасында тепе-теңдік орнату керек», – деген премьер-министр.

Компанияның баға туралы ұсынысында «Kinojarnama» ЖШС реквизиттері берілген. Egov мәліметше, осы компанияны 2025 жылғы 8 сәуірден бері Бибіжамал Бекенова басқарады. Бекенова Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының сарапшылар кеңесі құрамына кіреді.

Компания құрылтайшылары: Алмаз Малдыбаев пен Меруерт Асқатова. «Kinojarnama» 2024 жылы 70 мың, ал 2025 жылы 2,8 млн теңге салық төлеген.